Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы боран: Әкім тұрғындарға үндеу жасады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желісінде өңірдегі боран жөнінде бейнежазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: aqtobe_akimat

Әкімнің айтуынша, 8 ақпандағы жағдай бойынша 7 республикалық және 7 облыстық маңызы бар автожолдар жабық.

"Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдер мен жергілікті атқарушы органдардан 81 бірлік техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстың 8 ауданының орталығында, яғни Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандарында 11 жылыту пункті ашылды. Онда 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылып, 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пунктеріне жеткізілді. Полиция трассалардағы 50-ден астам автокөлікті құтқарды", – деді әкім Асхат Шахаров.

Сонымен қатар ол өңірдегі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істейтінін тілге тиек етті.

"Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол – 2 700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары түнімен жүргізіледі", – деп атап өтті облыс әкімі.



Ал сумен қамту бойынша "Төменгі Қарғалы" және "Тамды" бастоғандары, сонымен бірге қаланың су тазарту нысандарының жұмысы қалпына келтірілген.

Бейнежазба соңында өңір басшысы сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолдағы азаматтарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерларға алғыс айтып, баршаны болған жағдайларға түсіністік танытып, сабыр сақтауға шақырған.

"Біз әрқашан біргеміз. Амандықта болайық", – деп сөзін түйіндеді Асхат Шахаров.

Еске салайық, Ақтөбе облысында қарлы бораннан кейін 20-дан астам ауыл жарықсыз қалды. Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін 18 км бойы жол талғамайтын көліктің алдында ақтүтек боранда жаяу жүрді. 

Талқылау