Ақтөбе облысында бөгеттің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбе облысының прокуратурасы “Щербаков” бөгетінің бұзылуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pexels.com
Қадағалау органының хабарлауынша, Щербаков бөгеті "Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің балансында. 2023 жылы басшылық пен "СК Гранд Канал" ӨК арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт негізінде бөгеттің жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталып, нысан пайдалануға қабылданды.
"Алайда, су тасқыны кезеңінде тапсырыс беруші қабылдап, мердігер тапсырған нысан өзінің негізгі қызметін орындамай, Темірбек Жүргенов атындағы ауыл тұрғындарының, сондай-ақ ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай зиян келтірген. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 1-бөлігі (Салғырттық) бойынша бірыңғай тізілімге қылмыстық істі тіркеу туралы қаулы қабылдады”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттерін ұйымдастыру үшін қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.
Айта кетейік,Ақтөбе облысында тасқын салдарынан 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула мен 99 саяжай үйлеріне зақым келді. 3 мыңға жуық мал қырылды. Бірақ бұл сандар әлі де нақты емес. Тасқын қаупі сейілген жоқ. Облыста комиссия шығынды есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Ақтөбе облысында өткен жылы қалпына келтірілген Щербаков бөгеті су тасқынынан бұзылғаны туралы жазған едік.