Ақтауға ұшақ апатын тексеру үшін бразилиялық сарапшылар келді
Ақтауға ұшақ апатын тексеру үшін бразилиялық сарапшылар келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Көлік министрлігі
Көлік министрлігінің мәліметінше, 28 желтоқсан күні Ақтау қаласына Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы (CENIPA) өкілдері және мемлекетаралық авиация комитетінің өкілдері ұшып келген. Тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның штабында жиналыс өтті.
Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы (CENIPA) - азаматтық авиацияда орын алған авиациялық оқиғаларды тергеумен айналысатын уәкілетті орган.
-
Әзірбайжан сұраған: Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге түркиялық мамандар қатысады
-
Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге қатысты тапсырма берді
Айта кетейік, кеше Ақтауға Бразилиядан Embraer әуе кемесін өндіруші зауыттан арнайы өкілдер келген еді. Тергеп-тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиға орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындады.
Еске салсақ, бұған дейін халықаралық азаматтық авиация ұйымы Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеруге өз сарапшысын жіберуге дайын екенін хабарлаған еді.
25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал Қазақстандағы ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді.