Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

53 көлік, ойын пернетақтасы мен планшеттер: Маңғыстауда ветеринарларға техника алуға 1 миллиард жұмсалған

Лада көлігі (1)Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысында ветеринариялық қызметке 1 миллиард теңгеге 53 жол талғамайтын көлік пен түрлі техника сатып алынды. Алайда тұрғындар ресми бағаларды салыстырып, шығындар мен көрсетілген сандардың арасында 600 миллион теңгеге жуық айырмашылық барын айтып, күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қала тұрғынының есебінше, "Lada Қазақстан" ресми бағасына сәйкес, жаңа 3 есікті 4х4 көлігінің құны шамамен 7,3 миллион теңге. Осы баға бойынша 53 көлікке 386,9 миллион теңге қажет. Ал заңды тұлғаларға арналған жеңілдікпен әр көлік 6,3 миллион теңгеге түсіп, барлығы 333,9 миллион теңге болған.

Осылайша, автокөліктерге кеткен шығын 333,9-386,9 миллион теңгенің аралығында. Қалған 613 миллион теңге тоңазытқыштар мен кеңсе жабдықтарына жұмсалды деп көрсетілген. Бірақ олардың құны мұншалықты соманы құрай ма деген сұрақ туындады.

Желіде тараған суреттерге қарағанда, көліктен бөлек мынадай техника бар:

•    HP LaserJet MFP M140w принтері – 70-90 мың теңге;
•    SAKRAM мониторы – 35-50 мың теңге;
•    X-Game XD-1100 пернетақтасы – 8-12 мың теңге;
•    Samsung планшеті – 100-150 мың теңге.

Бұл жабдықтардың орташа құны 220-300 мың теңгенің шамасында ғана.

лада көлігі

Фото: Lada.kz

Мәселе бойынша Маңғыстау облысының ветеринария басқармасының басшысы Бердібек Марқабаев түсініктеме берді. Оның айтуынша, мемлекеттік қаржыландыру аясында 1 миллиард теңгеге мынадай техника мен жабдықтар алынған:

•    автокөлік – 53 бірлік;
•    тоңазытқыш – 53 бірлік;
•    компьютерлік жинақ – 41 бірлік;
•    моноблок – 14 бірлік;
•    планшет – 51 бірлік;
•    сканер – 7 бірлік;
•    принтер – 28 бірлік;
•    КамАЗ базасындағы инсинератор – 5 бірлік;
•    УАЗ базасындағы дезинфекциялық қондырғы (ДУК) – 7 бірлік.

Ол әзірге инсинераторлар мен дезинфекциялық қондырғылар жеткізілмегенін, алайда құжаттары рәсімделіп, мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы рәсімделгенін атап өтті.

"Қазір ветеринария саласын қамтамасыз ету жұмысы қарқынды жүріп жатыр", – деді Бердібек Марқабаев.


Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер қызметтік көлікпен орманға демалуға шыққан


Қызметтік көлікпен "қауын алуға" барған Ұлытау облысы әкімінің орынбасары сынға қалды


Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы әкімдігіне қарасты "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы президенттің бюджет үнемдеу туралы тапсырмасынан кейін де қымбат көліктер сатып алғанын жаздық. Жалпы құны 96 млн теңге болатын Toyota Land Cruiser 300 (61 млн) және KIA K9 (34,9 млн) автокөліктері кейін әкімдікке өтеусіз берілген. Әкімдік олар тек қызметтік мақсатта пайдаланылады деп түсіндіргенімен, қымбат көліктердің нақты кімге тиесілі екені туралы сұрақтар ашық қалды. Бұған дейін де әкімдік TANK маркалы жол талғамайтын көліктер алғаны айтылған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 10:18
Талқылау