Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда жоғары қабаттан төбесіне диван құлаған науқастың жағдайы ауыр

Ақтауда көп қабатты үйдің жанынан өтіп бара жатқанда, төбесіне диван құлап, зардап шеккен адамға ота жасалды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inbisness.kz сайтына сілтеме жасап. 

Мойын омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған 39 жастағы азаматқа операцияны арнайы Астанадан келген Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандары жасады.

Дәрігерлер ер адамға алған жарақаты салдарынан "сал ауруына ұшырады" деген диагноз қойды.

"Омыртқа толығымен имплантпен ауыстырылды. Жұлынды қысып тұрған омыртқаның сүйек құрылымдары алынып тасталды. Осылайша жұлын қысымнан босатылды. Науқастың операциядан кейінгі жағдайы тұрақты ауыр. Қазір науқас реанимацияда жатыр", - деді облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабеков.

Дәрігерлер жақын арада науқасты бөлімшеге ауыстыру жоспарланып отырғанын айтты.

Еске салайық, Ақтауда 11 шағын ауданы, №41 үйдің жанында өтіп бара жатқан адамның үстіне жоғары қабаттан диван құлаған еді. Салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, есінен айрылды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Талқылау