Ақтауда мектеп оқушылары гепатитке қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезінген
Ақтауда мектеп оқушылары А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезінді. Дәрігерлер балалардың жағдайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Лада” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы балалардың мектепте алған екпеден кейінгі жағдайы нашарлағанын мәлімдеді.
Ақпанның 23-і күні Ақтаудағы мамандандырылған IT лицейінің екі оқушысы А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезініп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
"Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тексерістен кейін психоэмоционалды күйзеліс анықталды. Жағдайлары жақсарғаннан кейін ата-аналары балаларды ауруханаға жатқызудан бас тартты. Науқастар амбулаторлық емделуге жіберілді. Балалар жергілікті мекен жайы бойынша тркелген ауруханалардың бақылауында болады ", – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Балаларға жоспар бойынша екпе егіліп, педиатрдың бақылауында болғаны, қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, екпеге реакция жоқ екені атап өтілді.