"Екі баланы жер қойнына тапсыру оңай дейсіздер ме": Ақтауда қандаланың дәрісіне уланып өлген екі баланың әкесі соттың әділ өтуін талап етеді
Қандаланың дәрісіне уланып, қайтыс болған екі баланыңы әкесі Жанболат Келмеденов дезинсекцияға арналған препараттың құрамы анықталмай жатқанын айтты. Ер адам екі бірдей баласының өліміне себепші болған көршісін кешірмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жанболаттың екі жастағы қызы Мәриям мен 10 айлық ұлы Берекет қандаланың дәрісіне уланып, көз жұмды. Бүлдіршіндердің әкесі ескертусіз зиянкестерді улап, кетіп қалған көршісінің жазаланбай, бостандықта жүргеніне наразы.
“Сараптама Ақтауда жасалмайтындықтан полиция қызметкерлері оның қорытындысыз ешқандай шара қолдана алмай отыр. Полиция пәтерді дәрілеген препараттың құрамын анықтай алмайды. Мен әділдікті талап етемін. Екі баланы жер қойнына тапсырдық, оңай дейсіздер ме? Ол әйел кәмелет жасқа толмаған баласы бар деген желеумен әлі бостандықта жүр”, – дейді Жанболат Келмеденов.
Қайғылы жағдай туралы айту қиын болса да, Жанболат көпке сабақ болсын деген оймен болған оқиғаның мән-жайын баяндап берді.
“Кеше балалар құсты. Біз ұшынып қалды екен деп ойлап, жедел жәрдем шақырдық. “Смекта” беру керек деген соң дәріханаға барып, дәрі алып келдім. Түнде жағдайлары жақсарып, дұрысталғандай болды. Таңға жақын мен де құстым. Әбден әлсіреп, қол-аяғымыздан әл кетіп, тұра алмай қалдық. Әйелім Берекеттің көгеріп кеткенін айтты. Сасқанымнан баланы алып пәтерден шығып кеттім. Кейін мұндай белгілер Мәриямнан да байқала бастады. Жедел жәрдемге хабарласа алмаған соң, полиция шақырдым. Полицияға айтар арыз-шағымым жоқ. Олар өз жұмысын қолдан келгенше атқарды. Балаларды сыртқа шығарып көмектесті, жедел жәрдем мен газ қызметін шақырды. Кейін олар пәтерден газдың иісі шығатынын айтты. Біз оны сезбегенбіз”, – дейді балалардың әкесі.
Жанболаттың айтуынша, мұндай қайғылы жағдай бұған дейін де болған көрінеді. Көршілердің салғырттығынан бірнеше отбасы балаларынан айырылған екен. Ол құзырлы органдардан құрамында адам өміріне қауіпті заттары бар дәрілерді сатуға тыйым салуды талап етеді.
Жанболаттың айтуынша, егер көршісі зиянкестерді дәрілейтінін ескерткенде мұндай жағдай болмайтын еді дейді.
“Көршіміз де, менің әйелім де үй тұрғындарының чатында бар. Бірақ пәтерін дәрілейтіні туралы бізге ескертпеді. Пәтер иелерінің кооперативі де бұл туралы білмеген. Пәтерін дәрілейтінін білгенде біз үйді босата тұратын едік, балаларымыз жанымызда болатын еді. Ол ең ауыр жазаға лайық деп есептеймін”, – дейді Жанболат Келмеденов.
Айта кетейік, 22 қазанда Ақтауда екі бала қандаланы өлтіретін дәріге уланып, көз жұмғаны белгілі болды. Көршісі зиянкестерден құтылу үшін пәтерін улап кетіп қалған. Болған жағдайдан кейін әйелдің бостандықта жүргені белгілі болды. Кейін тағы үш бала мен екі ересек те уланып, ауруханаға түскен.