Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құстарға соғылған": Ақтау маңында болған ұшақ апатының алдын ала себебі аталды

Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе компаниясы ұшағының құлауына құстың соғылғаны себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

"Әзірбайжан әуе желілері" ұшағының құлауына дейін болған оқиғалардың хронологиясын авиация саласындағы дереккөз айтып берді.

Хронология бойынша рейс Бакуден Грозныйға бет алған. Жолда қосалқы әуежай ретінде Махачқалаға қону мүмкіндігі қарастырылған. 

"Кейін ұшу барысында Каспий теңізі үстінде ұшақ құстарға соғылған. Бұдан кейін экипаж Ақтауға жедел қонуға сұраныс жасап, қозғалтқыш пен басқару жүйесінің істен шыққанын хабарлаған. Актауға қону туралы сұрау жасалған сәтте диспетчерлік қызмет толық дайындық режиміне көшті. Бортта бір мәселе анық болған. Шамасы, қозғалтқышқа құс кіріп, соның салдарынан қозғалтқыштың жұмысы тоқтаған", – делінген авиация қызметінің дерегінде.

Кейін экипаж Актау әуежайына жедел қонуға тырысқан, бірақ қону сәтсіз аяқталып, ұшақ қала маңында апатқа ұшыраған. Оқиға орнына қатысты әлеуметтік желілерде видеолар пайда болды. Алайда нақты құлау орны мен зиянның ауқымы әлі анықталып жатыр.

Дегенмен апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Басқа деректерде рейс бағытының өзгеруіне тұман себеп болуы ықтимал делінген.

Айта кетейік, апатқа ұшыраған ұшақ – Embraer ERJ-190 маркалы, екі моторлы реактивті ұшақ. Бұл қысқа және орташа қашықтықтағы рейстер үшін кеңінен қолданылатын модель. Бұл ұшақтар Бразилияның Embraer компаниясынан шығады. ERJ-190 (E190) моделі салон конфигурациясына қарай 98-108 жолаушыны тасымалдауға арналған. Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының Embraer E190 ұшағы 106 орындыққа арналған. Ұшақтың ұзындығы 34,93 метр, биіктігі 9,73 метр. Ұшақта екі General Electric CF34 турбовентиляторлы қозғалтқышы орнатылған. Бұл модель 4500 шақырым қашықтыққа дейін ұша алады.

AZE.az деректеріне сенсек, 2014 жылы Azerbaijan Airlines мен Embraer екі E190 ұшағын сатып алу туралы келісімшарт жасаған. Келісімнің құны 95,4 миллион доллар. Deliveries and Backlog Release мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылғы 31 желтоқсанда Embraer әлем бойынша 565 ұшақ жеткізді. Flightaware мәліметтерінше, ұшақ жоспарланған уақыттан 11 минут ерте ұшып шыққан. Каспий теңізі үстіндегі ұшу биіктігінде ұшақ төтенше жағдай сигналын (emergency squawk 7700) берген.



Еске салайық, бұған дейін Ақтау маңында ұшақ құлағанын жаздық. Апатқа ұшыраған ұшақтың видеосы желіде тарады. Embraer 190 ұшағы Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі. Ол Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан. Құлау алдында ол Каспий теңізінің үстінен Төтенше жағдайлар департаментіне сигналын берген. Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Тірі қалғандар бар екені хабарланды.

Талқылау