Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшаны орынсыз шашпау керек": Премьер-министр Бектенов қызметке келгелі қандай істерді қолға алды

43 жастағы Олжас Бектеновтің үкімет басына келгені басым көпшілікке күтпеген оқиға болды. Смайылов кеткен соң жұртшылық Бектенов кандидатурасынан үлкен үміт күтті. Жаңадан тағайындалған премьер-министр қызметке келгелі қандай шаруалар атқарды? Stan.kz редакциясы жаңа үкіметтің жүз күндік жұмысына шолу жасап көрді.

Бектеновтің бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істегені баршаға мәлім. 

Ал жаңа қызметінде Олжас Бектенов Нұрлан Байбазаровты өзінің орынбасары етіп тағайындай отырып, экономика мен қаржылық блокты күшейтуге көңіл бөлді. Деректерге сай жаңа үкімет құрамына ауқымды өзгеріс енгізе қоймағандай. Себебі Алматыда орын алған жер сілкінісі мен көлемді су тасқыны Тоқаевтың сенімді адамы делініп жүрген Қанат Бозымбаевтың үкіметке қайтып оралуына түрткі болғандай. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі олқылықтар да сала басшысының ауысуына алып келді. Жуырда болған Цифрлық даму министрінің жұмбақ отставкасын айтпағанда, жалпы үкіметтегі сабақтастық принципі өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Олжас Бектенов бастаған үкімет биылға және орта мерзімді кезеңге арналған басты міндет – еліміздің ең кем дегенде 6% деңгейіндегі тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Себебі мемлекет басшысы үкіметтің алдына 2029-шы жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни екі есеге ұлғайту туралы міндет қойып отыр. Мұндай межені шетелдік инвестиция көлемін арттырмай, өз күшімізбен бағындыру мүмкін емес. Сондықтан премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдерге ең алдымен елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуды, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсетуді қадап тапсырғанын алға тартты.

"Бұл Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының негізгі көрсеткіші болады. Шетелдік инвесторлар, сіздер мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейсіздер. Оған ешқандай күмән болмасын.  Керісінше, үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады”, – деді ол шетелдік инвесторларға арнайы үндеу жолдай отырып.

Нәтижесінде биыл 40-тан астам жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске қосылмақ.

Жаңа үкімет сонымен қатар алдағы тағы бір міндет деп жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен оған қолайлы жағдай жасауды атады. Олжас Бектенов үкімет басына келісімен осы саладағы оңды-солды беріліп жатқан мемлекеттік қолдауды реттеу керектігін ашық айтты. Яғни, мемлекеттің қаражаты жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын, отандық шикізатты пайдаланатын және өнімін экспортқа жіберетін кәсіпорындарға берілуі керек екен.

“Өндірісте неғұрлым күрделі технологиялар қолданылса, соған сәйкес, кредит мөлшері де төмен болуға тиіс. Кәсіпкерлік саласын нақты қолдаудың көрсеткіші ретінде мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алымдарында отандық тауарлардың үлесін арттыру туралы тапсырманы да атап өтуге тұрарлық дер едік. Мұндай жағдайда пәрменді түрде алға жылжу керек, өйткені қазіргі сатып алу жүйесі бәрін тежеп отыр. Конкурстарға шағымдану рәсімінің төңірегінде тұтас астыртын бизнестер пайда болды. Кейіннен бұл мәселеге қайта айналып соқпас үшін біз жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек", — деді Олжас Бектенов үкіметтегі кеңесте.

Бағаның өсуін тежеу мәселесі де Бектенов үкіметі мен Ұлттық Банктің басым міндеттерінің бірі болып қалары анық. Өйткені, инфляция деңгейін 6-8% аралығында ұстап тұру пәрменді әрі кешенді шараларды қабылдауды талап етеді. Әзірге, бағаны, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тежеу мәселесі министрлер кабинеті мен әкімдіктердің ырқына көніп тұр. Жыл басынан бері бағаны негізсіз өсіріп, делдалдық схемаларға жол бергендердің үстінен 400-ге жуық әкімшілік іс қозғалған.  Қаржы министрлігі республикалық бюджетке және жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, 300 млрд теңгеден астам қаражатты оңтайландыруды ұсынды.

"Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек. Үнемделген қаражатты экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз", — деді Олжас Бектенов үкіметте өткен жиында.

Көпшілік заңсыз иемденілген активтерді елдің игілігіне қайтару жұмыстарының соңы жемқорлыққа ұласты ма деп күдіктенеді. Биылғы жылдың 29 наурызында өткен комиссия отырысында жалпы көлемі 85 млрд теңгеден асатын заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы бірқатар келісімдер мақұлданған. Комиссия төрағасы қайтарылған активтердің де әлеуметтік пайдалы мақсаттарға бағытталатынына сендірді. Ал, осыдан кейін тура бір айдан соң комиссия мүшелері мемлекет кірісіне қосымша 40 млрд теңгені қайтарғанын мәлімдеді.

Олжас Бектенов үкімет басына келе сала назар аударған тағы бір маңызды мәселесі биылғы су тасқынына дайындық шаралары екенін жеткізді. 12-ші ақпанда өткен үкімет отырысында барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер қарғын суға сақадай саймыз деп рапорт бергенімен, іс жүзінде жағдай күрделі болып шыққан. Премьердің бірінші орынбасары бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар мемлекет басшысынан сөгіс алды. Ал премьер-Министр орынбасарлары су басқан өңірлерге барып, елмен бірге үлкен апатқа қарсы үйлестіру жұмыстарының басы-қасында болғанын жеткізді.

“Үкіметте арнайы штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс істеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің барлығы құжаттардың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтірілетін болады. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды", - деді премьер-Министр.

Үкімет басшысының ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Олжас Бектенов қызметке келген жүз күннің ішінде еліміздің өңірлеріне 16 рет жұмыс сапарымен барған. Оның дені су тасқынына байланысты болса да, негізгі нысандардың қатарында өңірдегі кәсіпорындар мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысы бар. Оның ішінде Қарағанды облысындағы атышулы Қармет кәсіпорны, Павлодар облысындағы Екібастұз жылу орталығы, Түркістан облысындағы Кентау жылу орталығы сияқты әбден тозығы жеткен объектілерге арнайы барып, көп созбай үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойған. Сонымен қатар алыс-жақын Ресей, Өзбекстан, Қатар, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан сияқты 6 шет мемлекетке де ресми сапар шегіп, инвестициялық ынтымақтастық саласында бірқатар жобаларды іске асыру туралы нақты келісімдерге қол жеткізген.

Бектенов 15 мамыр күні Ақмола облысына жұмыс сапарымен кетті.

Талқылау