АҚШ үкіметі 1,2 миллиард теңге ақша алған қазақстандық кәсіпкердің үстінен сотқа шағым түсірді
Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқырғаны үшін сотталған Parmigiano Group компаниясының иесі, кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров АҚШ үкіметінен Esentai City тұрғын үй кешеніндегі 20 пәтер үшін алдын ала төлем ретінде 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram.com/almas_abdygapparov
Esentai City тұрғын үй кешеніндегі 20 пәтер Америка елшілігінің қызметкерлеріне арналған. Баспана үшін алдын ала төлем шарты 16 миллион долларға жасалған. Оның 10 миллионын Алмас Әбдіғаппаров өз қалтасына басқан. Қазақстандық кәсіпкер АҚШ үкіметімен келісімшарт жасасқаннан кейін, бұл құжатты жаңа клиенттер тартып, "Халық банк" АҚ-нан қосымша несие алу үшін белсенді пайдаланған.
Бұл қаражатты шығарып алу үшін Алмас пен оның жары Ольга Әбдіғаппарова әртүрлі қызметтер көрсететіндей етіп өздерінің жалған компанияларын пайдаланған.
Бітпейтін уәдеден шаршаған АҚШ-тың әділет министрлігі қазақстандық заңгерлерді жалдап, 1,2 миллиард теңгеден астам кепілдік мүлікті, яғни 12 жер телімін қайтарып алу туралы талап-арыз түсірген. 12 жер телімінің "AV-Construction" ЖШС балансында тұрғаны анықталды. Оларды "Халық банкі" АҚ балансынан Алмас Абдығаппаров заңсыз түрде шығарған.
Кәсіпкерге алаяқтық жасауға бірнеше банкирлер көмектескен. Кей деректерге сенсек, қаржы институтының қызметкері алаяқтық жасауға көмектескені үшін Алмастан сыйақы ретінде екі элиталық пәтер алған.
Бүгін "Халық банк" АҚ жер учаскелерін қайтару үшін сотқа арыз түсірген. Алмас АҚШ елшілігімен жасалған келісімшартын көрсетіп, өзін беделді кәсіпкер ретінде таныстырып, банктен бес миллион доллар несие алған.
2024 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Сағдат Баймақұлова АҚШ Әділет министрлігінің "AV-Construction" ЖШС-нен 1 294 041 995 теңге өндіру туралы арызын қарап, азаматтық іс қозғады.
Құжатта көрсетілген тағы бір маңызды дүние, Алмас қамауға алынған кезде Ольга Әбдіғаппарова өзін-өзі "AV-Construction" ЖШС-нің директоры етіп тағайындаған. Ол өзінің енесі Сауле Жүнісбекованың көмегімен компанияны шамамен бір жыл басқарған. Жәбірленуші тараптың айтуынша, осы уақыт ішінде ол үлескерлерден аса ірі көлемде қаражат жымқырып үлгерген. Яғни, Ольга Әбдіғаппарова компанияның алдыңғы директорын мерзімінен бұрын қызметінен босатып, үлескерлермен сатып алу-сату шарттарын өз атынан жасаған.
Сатып алушылар AV-Construction есепшотына жүздеген миллион теңге аударған. Ал жаңа басшы бұл қаражатқа Esentai City ТК құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыруды жоспарлайтынын айтқан.
Жоғарыда аталған азаматтық іс сотта қаралды.
“Азаматтық процестік кодексінің 73-бабы 4-бөлігіне сәйкес, егер іске қатысатын тараптар мен өзге де адамдар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық туғызса, бірінші сатыдағы сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді талап етуге жәрдемдеседі. Азаматтық процестік кодекстің 100-бабының 2-бөлігіне сәйкес, тараптар және іске қатысатын өзге де адамдар жазбаша дәлелдемелер ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ олар дәлелдемелерді сот арқылы талап ете алады”, – делінген хабарламада.
Азаматтық процестік кодексінің 66, 82, 251-252-баптарын басшылыққа ала отырып сот "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамның Алматы қаласындағы филиалынан тіркеу істерін анықтау туралы шешім қабылдады.
“Жалпы ауданы 0,05 гектар болатын Алматы қаласы, Медеу ауданы, әл-Фараби даңғылы, учаске 118/12 мекенжайында орналасқан жер телімін өндірілсін. Кадастрлық нөмірі: 20:315:938:154. Жер телімі "AV-Construction" ЖШС-не тиесілі. Оны сатудағы бастапқы бағасы – 86 269 466 теңге 34 тиын деп белгіленді. Жылжымайтын мүлік іске асыруға қойылды”, – деп мәлімдеді судья.
Дәл осындай тағы 14 жер телімі бар.
Сот шешімді шұғыл орындаулы тапсырды. Сондай-ақ сот үкімі шағымдануға және қарсылық білдіруге болмайтыны ескертілді.
Еске салайық, Алмас Әбдіғаппаровтың өзі Алматыда 2022 жылдың жазында сотталды. Ол аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, оған бес жыл мерзімге қаржы ұйымдарында басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды. Сондай-ақ оған жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұған дейін 8 ақпанда Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әбдіғаппарова аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша күдікті ретінде танылып, қамауға алынған еді.