Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тағы теракт, Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты, Ресейдің Украина арқылы газ тасымалын тоқтатуы: Әлемде не болып жатыр

Осы аптада Ақтау маңында AZAL ұшағы апатқа ұшырағаны үшін Ресей президенті Владимир Путин Әзірбайжан президенті Әлиевтен кешірім сұрады. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда ұшақ апаты болды. Ал АҚШ-та жаңа жыл террорлық шабуылмен басталды. Жаңа Орлеан штатында теракт болып, 15 адам қаза тапқан. Stan.kz тілшісі әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады.

Путин Әлиевтен кешірім сұрады

28 желтоқсан күні Ресей президенті Владимир Путин мен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласының маңындағы Әзірбайжан әуе жолдарының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырауына қатысты мәселелер талқыланған.

"Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты", – делінген Кремьлдің хабарламасында.

Фото: РФ президентінің баспасөз қызметі

Путин рейсті орындау барысында Ресейдің әуе қорғаныс жүйелері іске қосылғанын алға тартты.

“Кестеге сай ұшып келе жатқан Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені атап өтілді. Бұл уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына Украинаның жауынгерлік дрондары шабуыл жасаған және ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берген", – делінген хабарламада.

Телефон қоңырауы кезінде Әлиев жолаушылар ұшағы Ресей әуе кеңістігінде зақым көргенін, басқаруды толығымен жоғалтқанын айтқан.

"Ұшқыштардың батылдығы мен кәсібилігінің арқасында ғана ұшақ апатты жағдайда қона алды”, – деді Әлиев.

Айта кетейік, Әзірбайжанның цифрлық даму және көлік министрі Рашад Набиев жұма күні Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағы арнайы зымырандармен атылғанын айтты. Зардап шеккен жолаушылар мен тірі қалған бортсерік ер Грозныйдың үстінен ұшып бара жатқанда жарылыс дыбысын естігендерін айтқан.

Фото: ТЖМ

Ресейлік “Росавиция” басшысы Дмитрий Ядров апат болған күнгі жағдайдың өте қиын болғанын алға тартты. Украинаның жауынгерлік дрондары сол кезде Грозный мен Владикавказдың азаматтық инфрақұрылымдарына шабуыл жасаған. Сондықтан Грозный әуежайы аумағында "Кілем” (Ковер) режимі енгізіліп, көрсетілген аумақтан барлық ұшақ дереу басқа бағыттарға жөнелтілген. Сонымен қатар Ядровтың сөзінше, Грозный әуежайы аймағында қатты тұман болып, 500 метр биіктікті көру мүмкін болмаған. AZAL ұшағының командирі ұшақты екі рет Грозныйға қондырмақ болған. 

Оңтүстік Кореяда ұшақ апаты болды

Фото: АА

Jeju Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Оңтүстік Кореяның Муан қаласына қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, апатқа ұшырады. Апат салдарынан 179 адам қаза тапты.

Белгілі болғандай Boeing 737-800 ұшағы Бангкоктан ұшып келе жатқан.

Ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып, әуежай қоршауына соғылып, жарылып кеткен. Алдын ала ақпарат бойынша қону кезінде ұшақтың дөңгелектері шықпай қалған.

Бортта 181 адам, оның ішінде 6 экипаж мүшесі болғаны хабарланды. Бір жолаушы мен бір экипаж мүшесі аман қалды. 

Өрт сөндіру қызметінің өкілі мұндай жарылыс кезінде тірі қалу мүмкіндігі өте төмен деп түсіндірді.

"Ұшақ толығымен өртеніп кетті. Сондықтан қаза тапқандардың кім екенін анықтау көп уақытты алады", – деді ол.

Жолаушылардың ішінде 2 Таиланд азаматы, қалған жолаушылардың барлығы Оңтүстік Корея азаматтары болған.

Оңтүстік Кореяның көлік департаментінің мәліметі бойынша, ұшақ командирінің 9 800 сағаттан астам ұшу тәжірибесі болған.

Фото: Ашық дереккөзден

Бұл 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Jeju Air әуе компаниясының тарихындағы адам шығынына әкелген алғашқы оқиға.

Jeju Air бас директоры Ким Эй Бэ кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, әуе компаниясынан көмек көрсетіледі деп уәде берді.

Оңтүстік Кореяның жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі бақылау мұнарасы ұшақ қонуға шамамен алты минут қалғанда құстармен соқтығысқаны туралы ескертілгенін, артынша ұшқыш кейіннен апаттық сигнал бергенін айтты. Билік шассидің істен шығуына құстар тобына соқтығыс себеп болуы мүмкін деп есептейді.

Полицейлер ұшақ апаты болған әуежайда тінту жүргізді

Оңтүстік Корея полициясы 179 адамның өмірін қиған ұшақ апатына қатысты Муан халықаралық әуежайында тінту жүргізді.

Yonhap ақпарат агенттігінің хабарлауынша, билік оқиғаға қатысты тергеу аясында “өлімге әкеп соққан кәсіби немқұрайлылық" деген күдікпен іздеу жарияланғанын айтты.

Артынша полиция Jeju Air әуе компаниясының кеңсесінде де тінту жүргізген.

Ресей Украина аумағы арқылы газ тасымалдауды тоқтатты

1 қаңтардан бастап Ресей Украина аумағы арқылы Еуропаға газ тасмалдауды тоқтатты.

"Газпром" 1 қаңтарда Мәскеу уақытымен сағат 08:00-де Украинаның "Нафтогазымен" 5 жылдық келісім-шарт мерзімі аяқталып, газ транзиті тоқтатылғанын хабарлады.

"Украина тарапының келісім-шартты ұзартудан бас тартуына байланысты "Газпром" 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Украина аумағы арқылы транзиттік газды жеткізудің техникалық және құқықтық мүмкіндігінен айырылды. Мәскеу уақытымен сағат 08:00-ден бастап Ресей газын Украина аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылмайды", – делінген хабарламада.

Фото: УНИАН

Украина билігі транзиттің тоқтағанын растады. Украинаның энергетика министрлігі мұны "тарихи оқиға" деп бағалап, бұл қадамның "ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін" жасалғанын атап өтті.

"Біз ресейлік газ транзитін тоқтаттық, бұл тарихи оқиға. Ресей нарықтарды жоғалтып, қаржылық шығынға ұшырайды", – деді Украинаның энергетика министрі Герман Галущенко.

Кремль Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдаудан жылына шамамен 5 миллиард доллар табыс тауып келген. Ал Киев транзит үшін шамамен 1 миллиард доллар алып отырған. Бес жылдық келісім-шарт соғысқа дейін жасалып, осы уақыт ішінде транзит 4 есеге қысқарған.

Еуропадағы ресейлік газдың дәуірі аяқталды ма?

Еуропа Ресейден жылына шамамен 15 миллиард текше метр газ алып отырған. Украина арқылы Ресей газы Словакия, Австрия, Венгрия және Молдоваға тасымалданып келді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес енді Венгрия Ресей газын тек "Түрік ағыны" арқылы жеткізуді жалғастырмақ. Қалған елдер газды теңізге шығатын көрші елдерден және сұйытылған табиғи газды қабылдайтын терминалдардан сатып алмақ.

Қазір Ресей Еуропаға тек қана Түркия арқылы газ тасымалдай алады.

Биыл Түркия арқылы тәулігіне 45-50 миллион текше метр газ айдалса, Украина арқылы 40 миллион текше метр газ жіберілген.

Сарапшылардың сөзінше Батыс Сібірден Еуропаға газ жеткізу инфрақұрылымының жоғалуы "Газпромның" болашағына кері әсер етпек.

Сирия Мәскеумен қарым-қатынасты сақтайтынын мәлімдеді

Сирияның жаңа басшысы Ахмед Аль-Шараа Ресеймен қарым-қатынасты толығымен үзуге ниетті емес екенін айтып, төрт жыл ішінде елде сайлау өткізуге уәде берді. Ол сондай-ақ өзінің қарулы тобы “Хаят Тахрир аш-Шамды” таратуға ниетті екенін мәлімдеді.

“Хаят Тахрир аш-Шам” ұйымына әлі күнге дейін көптеген елдерде, соның ішінде АҚШ пен Ресейде лаңкестік ұйым ретінде ресми түрде тыйым салынған. Дәл осы қозғалыс Сирия президенті Башар Асадтың биліктен кетуіне әкелген әскери әрекеттерге жетекшілік етті.

"Ресей маңызды ел және әлемдегі ең қуатты екінші ел болып саналады", – деді Аль-Шараа Сауд Арабиясының мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.

Фото: Reuters (Ахмед Аль-Шараа)

Сирия басшысы Ресей мен Сирияны ортақ стратегиялық мүдделер байланыстыратынын айтты.

"Сирия қаруларының барлығы Ресейден шыққан және көптеген электр станцияларын ресейлік мамандар басқарады. Біз Ресейдің Сириядан кеткенін қаламаймыз", – деді Аль-Шараа.

Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сириядағы Ресейдің әскери базаларына қатысты нақты шешім Сирияның жаңа билігімен келіссөздер жүргізгеннен кейін белгілі болатынын айтты.

"Біз базаларымызды сақтау туралы ғана емес, сонымен қатар олардың жұмыс істеуі, техникалық қызмет көрсету шарттары бойынша жергілікті билікпен өзара әрекеттесу арқылы келіссөз жүргіземіз", – деді Лавров.

Сирияның жаңа басшылығы Иранмен де қарым-қатынас орнатуға дайын екенін мәлімдеді.

"Сирия Иран сияқты маңызды елмен қарым-қатынаста болуы керек. Бірақ бұл қарым-қатынас екі елдің егемендігін құрметтеуге негізделуі қажет", – деді Шараа.

Мәскеуде Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа қастандық жасалды

Фото: Reuters (Башар Асад)

Ресейде Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа қастандық жасалды. 2024 жылдың 29 желтоқсанында Асадтта қатты жөтел пайда болып, тыныс алуы қиындаған.

БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, бұл Сирияның бұрынғы басшысының өміріне қасақана жасалған қастандық.

Асадтың жағдайы келесі күні, 30 желтоқсанда тұрақтанған. Талдау нәтижелері Асадтың ағзасында у барын көрсеткен. Алайда Ресей билігі оқиға туралы әзірге нақты мәлімдеме жасаған жоқ.

15 адам қаза тапқан: АҚШ-та терракт болды

Фото: АР Photo

АҚШ-та 1 қаңтарға қараған түні Жаңа Орлеан қаласында теракт болды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 03:15 шамасында Бурбон және Канал көшелерінің қиылысында Ford F-150 Lightning жүк көлігі үлкен жылдамдықпен адамдар тобына соғылған. Артынша жүк көлігінің жүргізушісі көліктен шығып, атыс қаруымен адамдарға оқ жаудырған.

Сонымен қатар лаңкес адам көп шоғырланған Бурбон көшесіне екі жарылғыш зат орналастырғаны анықталды. Алайда шабуылдаушы оларды іске қосып үлгермеген. 

Шабуылдан 15 адам қаза тапты, оның ішінде лаңкестің өзі де бар. 45-ке жуық адам жарақат алған. ФБР бұл оқиғаны теракт деп бағалады. Күдікті 42 жастағы АҚШ азаматы Шамсуд-Дин Джаббар, Техастың тумасы, бұрын АҚШ әскерінде қызмет еткен. Оның көлігінен "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының туы табылды.

Лаңкес Ford F-150 Lightning жол талғамайтын көлігін Turo сайтынан жалға алғаны анықталды.

1 қаңтар күні таңертең Лас-Вегаста Трамп қонақүйінің жанында жарылған Tesla Cybertruck көлігі де дәл осы сайттан жалға алынғаны белгілі болды.

Лас-Вегастағы Трамп қонақүйінің жанында Tesla Cybertruck көлігі жарылып кетті

Фото: ВВС

Лас-Вегаста АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа тиесілі қонақүйдің алдында Tesla Cybertruck автокөлігі жарылып кетті.

Салдарынан көлік жүргізушісі қаза тауып, тағы жеті адам жеңіл жарақат алды.

Қауіпсіздік камераларының жазбаларында көліктің жарылыстан бір сағат бұрын Трамп қонақ үйінің жанынан өтіп кеткенін, содан кейін қайтып оралып, кіреберісте тұрғаны және бірнеше секундтан кейін өртеніп, жарылғаны анықталды.

Жарылыс жасады деген күдікті – 37 жастағы Мэттью Ливельсбергер. Ол 2006 жылдан бері АҚШ әскерінде қызмет еткен. 

Мэттью Ливельсбергер оқиға алдында көліктің ішінде өз-өзіне қол жұмсағаны, артынша көлік жарылып кеткені туралы нұсқалар да бар.

Нью-Йорк штатындағы түнгі клубта жаппай атыс болды

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында түнгі клубқа жасалған қарулы шабуыл салдарынан 10 адам зардап шекті.

Нью-Йорк полиция департаменті мәлімдемеде шабуылдың Квинстегі Amazura түнгі клубында болғанын айтты.

Ақпаратқа сәйкес, төрт күдікті клубқа кіру үшін кезекте тұрған 15 адамнан тұратын топқа 30-ға жуық оқ жаудырған.

Шабуыл салдарынан 16 мен 20 жас аралығындағы 10 адам зардап шеккен.

Мәлімдемеде оқиғаның лаңкестік әрекет еместігі айтылған. Шабуыл жасағандар оқиға орнынан қашып кеткен. Тергеу жалғасып жатыр. Қазір үш оқиғаның бір-бірімен байланысы тексеріліп жатыр.

Талқылау