Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмолада 71 жастағы зейнеткер әлеуметтік желідегі таныстықтан кейін қомақты қаржысынан айырылды

Әлеуметтік желіде “сириялық нейрохирургпен” танысқан ақмолалық зейнеткер 5 млн теңгесінен айырылды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап. 

алаяқ

5 ақпанда зейнеткер жергілікті полиция бөліміне хабарласып, шетелдікпен хат алмасқаннан кейін 4,9 млн теңгесінен айырылғанын айтқан. Алты айға жуық уақыт бойы алаяқтар шетелдіктің Қазақстанға кедергісіз ұшып келуі үшін қариядан әртүрлі себептермен доллар түрінде қаражат сұрап отырған. Алаяқтық фактісі Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

“Жәбірленуші 2022 жылдың шілдесінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін Уильям Альберт деп таныстырған адаммен танысқанын айтты. Жаңа досы ақмолалыққа нейрохирург дәрігері болып жұмыс істейтінін және Сирияда Алеппо қаласының маңында екенін айтқан. Бұдан әрі байланыс Skype арқылы жалғасып, біраз уақыттан кейін шетелдік Қазақстанға келгісі келетінін хабарлаған”, – делінген хабарламада.

Алайда ол үшін зейнеткердің жазбаша келісімі қажет болғандықтан, әйел оны Skype арқылы жіберген. Шамамен екі күннен кейін Ақмола тұрғынының электронды мекенжайына Біріккен Ұлттар ұйымынан хат келіпті. Онда БҰҰ-ның жалған өкілдері “Альберттің” қауіпсіз ұшып келуі үшін 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақша қажет екенін хабарлаған. Зейнеткер көрсетілген шот бойынша талап етілетін соманы жібергеннен кейін, оған тағы да “БҰҰ өкілдері” хабарласып ақшалай қаражаттың дұрыс енгізілмегенін және Қазақстанға ұшатын ұшақ тоқтатылғанын айтып түсіндірген.

“Алаяқтар жарты жыл бойы рейстің тоқтатылуының әртүрлі себептерін ойлап тапқан, ал әйел болса қажетті ақша аударымдарын жібере берген. Туыстарының ешқайсысына жаңа досы туралы тіс жармаған. Жалпы ақмолалық зейнеткер алаяқтардың шотына 4,9 млн теңге жіберген”, – деп қосты полиция өкілдері.  

Ол бұл ақшаны туыстарынан қарызға алған. Сонымен қатар банктерден екі несие рәсімдепті. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Ақша аударымдарының түбіртектері мен хат-хабарлар тәркіленді.

Назархан Уән
Сейсенбі, 07 Ақпан, 2023 07:40
Талқылау