Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында су тасқынына байланысты мектепте сабақ тоқтатылып, оқушылар үйіне қайтарылды (видео)

Ақмола облысы Макинск қаласында су тасуына байланысты білім ордасында сабақ тоқтатылды деген ақпарат тарады. Ақпаратқа сәйкес су келуіне байланысты шаһардағы 1-орта мектептің оқушылары үйіне жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Тұрғындардың айтуынша, су ғимараттың бірінші қабаты мен мәжіліс залына дейін жеткен.

"Халық былтырғы су тасқынын әлі ұмыта қойған жоқ. Енді бұл жағдай тағы қайталанып жатыр. Облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді. Дегенмен Макинск қаласының тұрғындары өз еркімен ауыр жүк көліктері арқылы бағана жасап, қарды тазалап жатыр", - делінген хабарламада.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Ақмола облысы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, мектеп аумағында жыл сайын су ағып, көшеге қарай бағытталатын арық бар. Бұл тұрақты табиғи құбылыс дейді жергілікті билік. 

"Макинск қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектеп аумағында жыл сайын су ағып, одан әрі көшеге қарай бағытталатын арық бар. Бұл тұрақты табиғи құбылыс және осы аумақтың су бұру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Ағын суды Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаменті алдын ала тазартты", – делінген хабарламада. 



Облыс әкімдігінің мәліметінше, мектепті су басып кету қаупі жоқ.

"Ықтимал тәуекелдердің алдын алу мақсатында екінші ауысымдағы оқушылардв қашықтықтан оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды. Жағдай жергілікті атқарушы биліктің бақылауында", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін  Қазақстанның алты өңірінде су басу қаупін азайту үшін жарылыс жұмыстары жүргізілетіні туралы жазған едік. 

Талқылау