Ақмола облысында банк филиалының директоры мен кассирі 250 миллион теңге жымқырған
Ақмола облысы Степногорсктағы екінші деңгейдегі банк бөлімшесінің директоры Ш. кассир К. мен сөз байласып, банктің ақшасын жұмқырып, аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: xakac.info
Степногорск сотының мәліметінше, 2022 жылғы қараша-желтоқсан айлары ішінде кассир Ш.-ның нұсқауы бойынша 1 миллион, 3 миллион одан кейін 8 миллион теңгені банктің қоймасынан алып, Ш.-ға тұрақты түрде беріп отырған. Ш. ақшаға арналған пакеттер мен сөмкені алдын ала К.-ға дайындап, содан кейін оны банк ғимаратынан шығарған.
Тексеру актісі көрсеткендей, банк бөлімшесінде жетіспеушілік сомасы 255 миллион аса теңгені құраған.
"Сотталушылардың кінәсі тексеру актісімен, аудиторлық есеппен, ақшаның жетіспеуі туралы сараптама қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, сотталушылардың өздері мойындаған айғақтарымен, банктің бейнебақылау камераларынан жазбалармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді. Осылайша, Ш. және К. сөз байласып, қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде жымқыру жасады (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы)", – деді қалалық соттың мәлімдемесінде.
Жаза тағайындауда сот Ш.-ның өз кінәсін мойындағаны, К.-ның жасы мен оң сипаттағы мінездемесін жеңілдететін жағдайлар деп және ауырлататын жағдайлардың болмағанын есепке алды.
"Сот үкімімен айыпталушылардың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушылар ұйымдар мен мекемелерде 5 жылға материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Келтірілген залалды өндіріп алу бөлігінде жәбірленушіге сотқа азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығы түсіндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, үкімді жариялау бойынша сот отырысына банк филиалының қызметкерлері шақырылды", – деді соттың баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы №1 перзентхананың бас дәрігері мен есепшісі пара алу және мемлекет мүлкін жымқыру бабы бойынша сотталғанын хабарладық. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, іс бойынша төрт айыпталушыға да айыппұл салынды. Сотталушы бұрынғы бас дәрігер мен есепші мемлекетке әрқайсысы 27 миллион теңгеден, ал кәсіпкерлер 15 және 20 миллион теңгеден төлеуге тиіс.