Ақмарал Науатбек дзюдодан Париж Паралимпиадасының чемпионы атанды
Пара дзюдодан 48 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен отандасымыз Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының чемпионы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Ақмарал Науатбек финалдық бәсекеде франциялық спортшы Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдені иеленді.
Ақмарал жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмарал Науатбекті жеңісімен құттықтап, жазба жариялады.
“Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!” – деді президент әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осыған дейін отандасымыз Ақмарал Науатбектің дзюдодан Париж Паралимпиада ойындарының финалына шыққаны туралы жазған едік.
Еске салсақ, бұған дейін Париж Паралимпиада ойындарында қазақстандық Давид Дегтярев пауэрлифтингтен чемпион атанған еді.