Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркия ядролық державаға айналды: Әлемдегі ең үлкен атом станциясының құрылысы қалай жүріп жатыр

27 сәуірде ресейлік "Росатом" компаниясы Түркиядағы алғашқы атом электр станциясына ядролық отынның бірінші легін жеткізді. Айтулы шараға байланысты “Аккую” атом электр станциясының төрінде салтанатты шара өтті. "Росатом" корпорациясының директоры Алексей Лихачев, Түркияның энергетика министрі Фатих Дёнмезге отынның бар талаптарды сақтай отырып жеткізілгенін растайтын сертификатты табыстады. Осылайша Түркия атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданатын елдердің қатарына қосылды. Сондай-ақ ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан да атом энергиясына бет бұрып, АЭС салуды жоспарлап отыр. Түркиядағы салтанатты шараға қатысқан Stan.kz тілшісі түрік жеріндегі алғашқы АЭС құрылысымен танысып қайтты.

аккую

Сурет: Stan.kz 

Ядролық державалар қатарына қосылған Түркия

Түркия жеріндегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы Мерсин провинциясындағы Гүлнәр ауданында жүріп жатыр. Жерорта теңізінің жағасына салынып жатқан АЭС-ке алғашқы ядролық отынды Ресейден жеткізген. Айтулы шараға Түркия президенті Реджеп Таийп Ердоған мен Ресей президенті Владимир Путин видеоконференция арқылы қосылды. Ал отынның жеткізілгенін растайтын сертификатты табыстау рәсіміне МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси, Түркияның энергетика министрі Фатих Дёнмез бен "Росатом" корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев қатысты.

"Атом энергиясының әкелер пайдасы көп, сондай-ақ артылатын жауапкершілік те жоғары. Сондықтан МАГАТЭ "Аккую" АЭС-і жобасын басынан бастап бақылап отыр және қауіпсіздік талаптары сақталуы үшін қолдау көрсетеді. "Аккую" АЭС-і 100 жылдан кейін де таза қуат өндіреді. Бұл жолдың әр кезеңінде МАГАТЭ-нің қолдауына арқа сүйей аласыздар", – деді Рафаэль Гросси.

Айта кетері, "Аккую" атом электр станциясында қуат өндіретін реакторлар іске қосылмаған. Ал әкелінген отын жаңадан салынған қоймада сақталады. "Росатом" өкілдері қойманы салу кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталғанын айтады. Тіпті үстіне 400 тонналық ұшақ құласа да қоймаға ештеңе болмайды деп сендірді.

аккую

Ядролық отынды әкелу туралы сертификатты табыстау сәті. Сурет: “Росатом” 

"Росатом" корпорациясының директоры Алексей Лихачев өз сөзінде "Аккую" АЭС-інің ядролық нысанға айналғанын мәлімдеді. Түркия болса “бейбіт атом технологияларына иелік ететін мемлекет” мәртебесіне ие болады. 

"Түркия Республикасындағы АЭС құрылысы, расымен, ортақ жобаға айналды. Мұнда 400-ден астап түркиялық компания қатысып жатыр. Елде жеке атом өнеркәсібі қалыптасты деуге болады. Серіктестік аясында жиналған тәжірибені бұл кластердегі өзге де жобаларда қолдануға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді Лихачев. 

Түркиядағы алғашқы АЭС: Үміт пен күдік

Тарихқа көз жүгіртсек Түркияда АЭС салу бастамасы 1960-жылдары көтерілген. Ал атом станциясын салу бойынша зерттеулер 1965 жылы басталып, 1974 жылы құрылыс жүргізу үшін ең оңтайлы аймақ ретінде Мерсин провинциясындағы Гүлнәр ауданы таңдалыпты. Дегенмен қаржылық және саяси мәселелерге байланысты жоба кейінге қалдырылып, тек 2010 жылы Түркия мен Ресей Жерорта теңізінің жағалауында АЭС салу бойынша ортақ жобаға қол қойды. 

2014 жылы Түркияның қоршаған орта және қала құрылысы министрлігі "Аккую" АЭС-інің табиғатқа әсерін бағалау туралы есепті мақұлдаған. Дей тұрғанымен 2015 жылы Түркия қарулы күштерінің Сириямен шекарада ресейлік әскери ұшақты атып түсіруі екі ел арасындағы ахуалды ушықтырды.

аккую

Сурет: “Росатом”

Саяси және экономикалық тұрғыдан туындаған мәселелерге қарамастан 2018 жылы "Аккуюдағы" №1 энергетикалық блоктың құрылысы басталды. АЭС іргетасын құю шарасына Реджеп Тайип Ердоған мен Владимир Путин де қатысты. Болашақ атом станциясының қуаты 4800 МВт болмақ. 

АЭС құрылысы ВОО – build-own-operate немесе "іргетасын қала-иелік ет-пайдалан" бағдарламасы бойынша жүріп жатыр. Оған сәйкес жобалу, станцияны салу, қызмет көрсету және пайдалану секілді міндеттемелерді "Росатом" корпорациясы өз мойнына алған. "Аккую" дәл осы бағдарлама бойынша салынған алғашқы атом станциясы болмақ. Оның үстіне станцияның мажоритарлық үлесі де "Росатомға" тиесілі. 

Гүлнәр ауданындағы Аккую жобасының жалпы құны 22 миллиард долларға жуықтайды. Жобаны жүзеге асыру үшін "Росатом" Түркия мен Ресей арасындағы келісімшартқа сәйкес "Аккую Нуклеар" АҚ жобалық компаниясын тіркеді.

Қазір "Аккую" атом электр станциясы құрылыс аумағы бойынша әлемдегі ең үлкені болып отыр. Бұлай деуге де негіз бар. Құрылыстың жалпы ауданы 10 шаршы шақырым, яғни 1100 футбол алаңы емін-еркін сыйып кетеді. Мұнда бір уақытта 4 блок салынуда. Жоспар бойынша алғашқы блок 2023 жылдың соңына дейін қолданысқа берілуі керек. Әрі нысанды мерзімінде тапсыру үшін 25 мың адам күні-түні тынбай еңбектеніп жатыр, дейді "Аккую Нуклеар" компаниясының құрылыс бойынша директоры Денис Сеземин. Олардың арасында қазақстандық мамандар да бар.

аккую

“Аккую” АЭС-інің макеті. Сурет: Stan.kz 

Журналистерді құрылыс барысымен таныстырған Денис Сеземин атом станциясын салу үшін тауды тура мағынасында кесіп тастағанын айтты. Сонымен қатар теңіздің кей бөлігін топырақпен жауып, АЭС аумағын үлкейткен. Осылайша "Түркияның ауданына бірнеше гектар қосып бердік" деп түсіндірді ол. Оның үстіне АЭС құрылысы үшін заң жобасына өзгеріс енгізген. Себебі Түркияда зәйтүн бақтарының маңына өнеркәсіп нысанын салуға болмайды екен. Алайда "Аккую" жобасын жүзеге асыру үшін бұл шектеуді алып тастапты. Ал орманды кесу кезінде кей ағаштарды басқа орынға еккен.

Түркия тарапы "Аккую" атом электр станциясында электр өндіру 2024 жылы басталады деп жоспарлап отыр. Станция кем дегенде 80 жыл жұмыс істеуі керек. Ал құрылыс жұмыстары 2028 жылы толығымен аяқталады. Әрине, ешқандай кедергі болмаса. 

Дегенмен құрылыс жұмыстары кезінде жауапты компания бірнеше мәселемен бетпе-бет келген. Солардың бірі 2019 жылы орын алды. Haber Turk басылымының мәліметіне сүйенсек Түркия атом энергиясының реттеушісі "Аккую" станциясындағы бетоннан жарықтарды анықтаған. Бұдан кейін "Росатом" бетонды қайта құйғанымен, жаңа жарықтар тағы да табылыпты. 

"Жарықтар бетон қоспасын таңдау кезінде 2018 жылы анықталған, яғни бетонды сынақтан өткізу кезінде. Қоспа таңдау барысында жарықтар пайда болуы мүмкін. Бұл – қалыпты жұмыс процесі", – деп түсіндірген "Росатомдағы" дереккөз РБК басылымына. 

Сондай-ақ жақында 50 мыңнан аса адамның өмірін жалмаған жер сілкінісінен кейін де АЭС құрылысына қатысты күдік туындапты. Бірақ Денис Сеземиннің сөзінше, жерасты дүмпулері станцияға еш әсер етпеген. 

аккую

"Аккую Нуклеар" компаниясының құрылыс бойынша директоры Денис Сеземин

"Аккую мен Қара теңіз жағалауы АЭС салу үшін бекер таңдалмады. Бұл аймақтар сейсмоқауіпсіз деп танылған. Сондай-ақ құрылыс аумағындағы сейсмографтар 3 балдық жер сілкінісін тіркеді. Жүргізілген тексеріс кезінде бірде-бір кранның қозғалмағаны анықталды. Өзге де құрылғыларға зақым келмеген. Жалпы АЭС 9 балдық жер сілкінісі, 7-8 метрлік цунамиге төтеп бере алады. Постфукусималық талаптарға сәйкес жағалауда 12 метрлік бөгет салынған", – деп түсіндірді "Аккую Нуклеар" компаниясының құрылыс бойынша директоры Денис Сеземин.

Ресейге салынған санкция Түркиядағы ірі энергетикалық нысанның құрылысына қалай әсер етті?

"Аккую" атом электр станциясы – халықаралық жоба. Түркия жеріндегі алғашқы АЭС-ті ресейлік корпорация салып жатыр. Ал турбина Франциядан алынады. Сәйкесінше құрылысқа қажетті кей бөлшектер Ресейден әкелінеді. Оның үстіне энергоблоктарға арналған құрал-жабдықтардың басым бөлігі Ресейде өндіріледі. Бұдан бөлек "Росатом" корпорациясы АЭС құрылысы кезінде жүздеген түркиялық компаниямен серіктестік орнатқан

"Аккую" станциясы бас директорының орынбасары Сергей Буцких журналистердің сұрағына жауап беру барысында Ресейге қарсы салынған санкциялардың АЭС құрылысына әсер етпегенін айтты. 

"Бізде құрал-жабдық жеткізетін 400-ден аса компаниямен келісімшарт жасалған. Әлі ешбір компания шартты бұзатыны туралы хат жолдаған жоқ. Әрине, логистикалық тұрғыдан бірқатар мәселе туындады. Құрылғыларды жеткізу жолы ұзарады. Осы тұста санкцияның әсерін сезіндік. Бірақ өндіріске санкция еш әсер етпеді", – деді Сергей Буцких.

Айта кетейік, АҚШ пен Еуроодақ Украина соғыс басталған соң Ресейдің атом саласына санкция енгізу арқылы қысым жасап келеді. Дегенмен әлемдегі атом энергиясы саласы Ресейге тәуелді екенін ұмытпаған жөн. Канадалық Cameco уран өндіру компаниясының соңғы мәліметтеріне сүйенсек, әлемде уран жеткізу саласындағы Ресейдің үлесі 14%. Ал уран конверсиясындағы үлесі 27%, уран байыту саласындағы үлесі 39% екен. 

300-ге тарта маман Ресейде орыс тілін үйреніп, білім алып келген

"Аккую" станциясын салу үшін 25 мыңға жуық жұмысшы тартылған. Оның 80%-ы жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар Қырғызстан, Қазақстан мен өзге де елдерден келіп жұмыс істейтін мамандар бар. Ал құрылыс аяқталған соң атом электр станциясындағы негізгі қызметтерді осы салада тәжірибесі мол "Росатом" өкілдері атқарады екен. Бұдан бөлек кадр тапшылығының алдын алу үшін түркиялық жас инженерлерді Мәскеудегі ядролық зерттеу университетіне оқуға жіберген. 

аккую

АЭС-тегі энергетикалық блок құрылысы. Сурет: “Росатом”

"Аккую" станциясына іс-сапар барысында алғашқы лекпен Ресейде білім алған жас мамандармен тілдесіп көрдік. Сөздерінше, Түркияда үлкен жобаның қолға алынғанын естіген соң олар да бұл іске өз үлестерін қосқысы келген. 

"Бұған дейін өз елімізде инженер мамандығы бойынша білім алғанбыз. Әрі бұл өте беделді мамандық. Алғашқылардың бірі болып осы саланы меңгергендіктен, Түркияда ядролық физиканың дамуына үлес қосамыз. Мәскеуде 6,5 жыл оқыдық. Бұл аралықта ядролық физика туралы барлық мәліметті меңгердік деуге болады", – дейді Мехмет Турутоглу. 

Алғашқылардың бірі болып Ресейде білім алып келген 300-ге тарта маман бүгінде "Аккую" станциясында жұмыс істейді екен. 

"Орыс тілін басынан бастап меңгеру қиынға соқты. Оның үстіне орыс тілінде ереже өте көп. Айтып өткенімдей 6,5 жыл білім алдық, оның 1 жылы тіл меңгеруге арналды. Дайындық кезеңі деуге болады. Ата-анамызға, жақындарымызға атом энергиясының пайдасы туралы түсіндіріп отырамыз. Қазір нейтрондық-физикалық есеп маманымын, бір сөзбен айтқанда қуат бөлумен шұғылданамын", – деп түсіндірді Мұхаммед Ташчы. 

Аккую

Сурет: “Росатом”

Біз тілдескен жас мамандар Ресейге 3 лекпен 2014 жылы аттанған. АЭС-тегі жұмысты "қызықты әрі көңілді" деп сипаттаған олар Түркия үшін маңызды жобаның бір бөлігіне айналғандарына риза екендерін жеткізді. 

"Атом электр станциясында қажетті мамандарды даярлау үшін 300-ге жуық студент Ресейде білім алды. Олардың басым бөлігі қазір де жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қажетті оқу-жаттығу орталықтары ашылған соң мамандарды Түркияда да оқыта аламыз. АЭС іске қосылғанда бұл қызметкерлер жұмысқа кіріседі деп ойлаймын. Сәйкесінше қызметкерлер арасында Түркия азаматтарының үлесі арта береді”, – деп мәлімдеді Сергей Буцких.

АЭС құрылысы басталған соң аймақтағы инфрақұрылым айтарлықтай дами түскенін байқауға болады. Құрылыс алаңына апаратын жолдар салынып, қызметкерлерге арналған үйлер бой көтерген. Мысалы, "Аккую" жобасы басталған соң жылжымайтын мүлік бағасы 3 есеге өскен. Жалпы Мерсин провинциясына көшіп келгісі келетін қазақстандықтардың да саны артыпты.

аккую

Мерсин провинциясындағы елдімекен. Сурет: Stan.kz 

Қазір "Аккую" атом станциясы қызметкерлеріне арналған тұрғын үй қалашығының құрылысы жүріп жатыр екен. Қалашық 6 мың адамға есептелген. Ал аумағында балабақша мен мектеп салу жоспарланып отыр. Қалашықтың құрылысы 3 кезеңге бөлінген: бірінші кезеңде 800 пәтер, 1000 орындық мектеп пен 450 орындық балабақша қолданысқа беріледі. Ал үшінші кезеңде 2700 пәтер дайын болады.

"Аккую" үлгісі немесе Қазақстандағы атом энергиясының болашағы қандай?

Қазақстан да алдағы уақытта өз аумағында атом электр станциясын салмақшы. Энергетикалық тұрғыдан маңызды нысанды салатын орын ретінде Балқаш көлі жағалауындағы Үлкен ауылының маңы таңдалған. Дегенмен АЭС құрылысында қай елдің технологиясы қолданылатыны әлі белгісіз. 

2022 жылдың маусымында "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бас директоры Тимур Жәнтікин елдегі алғашқы АЭС салу үшін ресейлік "Росатом", кореялық Korea Hydro&Nuclear Power, франциялық "IDF" (Electricite de France) компанияларымен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. 

Осы тұста Қазақстанның әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел екенін естен шығармаған жөн. Себебі әлемде өндірілетін уранның 42%-ын "Қазатомпром" қамтамасыз етіп отыр. Ал бағасы тұрғысынан қазақстандық уран арзан. Сондай-ақ "Қазақатомпром" кен орындарының бірқатарында ресейлік "Росатом", канадалық Cameco мен франциялық Orano компанияларының үлесі бар. 

Оның үстіне "Росатом" Қазақстан уранына тәуелді деуіміз де негізді. Себебі жыл сайын өндіретін 7 мың тонна уранның 60%-ы Қазақстанда орналасқан кең орындарынан алынады. Мұның барлығы елдегі АЭС технологиясын таңдауда әсер етпей қоймасы анық. 

Талқылау