Әкесі шенеунік, ұлы депутат: Лауазымды тұлғалардың балалары елордалық маслихатта мандат иеленіп отыр
Лауазымды тұлғалардың балалары елордалық маслихатта мандат иеленіп отыр. Тізімді экс-мәжілісменнің ұлы бастаса, іргелі оқу орындарының ректорлары қостап, түрлі кәсіпорындардың төрағалары түйіндейді. Осы ретте саясаттанушылардың пікірі екіұдай. Бірі жастардың қарым-қабілетін жоққа шығармау керек десе, енді бірі депутаттарды сайлауда тамыр-таныстықтың рөлі ойнайды дейді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Нұр-Сұлтан маслихаты. Өзге өңірлер секілді мұнда да депутаттар жуырда ғана жасақталғаны белгілі. "Нұр Отаннан" ұсынылған үміткерлер тарихта тұңғыш рет праймериз арқылы іріктелді. Бірақ сәйкестік пе, әлде шынымен лайықты боп танылды ма, әйтеуір маслихатқа топ ете қалғандардың тізімінде кілең ығайлар мен сығайлар. Депуттар династиясынан бастасақ. Қалалық мандат иелерінің арасында Азамат Өмірзақовтың есімі бар. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, жас депутат экс-мәжілісмен Тұрсынбек Өмірзақовтың ұлы. Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтың да баласы Талғат Нәрікбаев қалалық маслихаттың құрамында.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын басқарып отырған Нұрлан Батпеновтың ұлы Саят Батпенов те маслихат депутаты ретінде таңдалыпты. Тізімді одан әрі толықтырып тұрғандар да осал емес. Ректор, кәсіпкер, төраға... осылай кете береді. Әдетте саяси оқиғаларды алдын ала сараптап, саралап жүретін саясаттанушыларға мұндай тырнақша ішіндегі «тізімдер» таңсық емес, әрине. Елеулі орынға бас партия мүшелері емес, халықтың өзі таңдау жасағанда тізім мүлде басқаша болар ма еді. Қазбек Майгельдинов осылай дейді.
"Бұл сонау Кеңес Үкіметінен қалып қойған бір үлкен сарқыншақ деп айтуға болады. Көбіне жоғары биліктегі лауазымдарға осындай туыстықпен немесе бауырластықпен, қандастықпен тұрып жатқан адамдардың көптеген мысалдары болған. Енді қазіргі таңда осы құрамды өзгертуге, былайша айтқанда басқа да білікті, жанып тұрған, азаматтық позициясы бар азаматтарға әлеуметтік лифт беру үшін бірнеше қадамдар жасалып жатыр", - саясаттанушы Қазбек Майгединов.
Елдегі оппозициялық партияның өкілі Талғат Омаровтың да пайымы осыған ұқсас. Маслихат секілді маңызды лауазымдарда тамыр-таныспен отырғандардың кімдерге қолайлы екенін былайша түсіндіріп берді.
"Бұл кездейсоқтық деп айта алмаймын. Неге десеңіз, біріншіден, билікке қандай адамдар керек? Оларға үндемейтін, әй десе қоя қоятын, айт десе айтатын, сондай адамдар керек. Егер депутат болса, сенің әкең бизнесте жүрсе, немесе басқа да лауазымда жүрсе, сен айтқан сөзін, істеген ісін, оның бір жағы билікке тиіп кетпесін деп қарап отырасың, халықтың мұң-жайын былай ысырып қоясың да", - деді ЖСДП орталық аппаратының басшысы Талғат Омаров.
Ал мәжіліске жаңадан келген су жаңа депутат Сырым Ертаев бес саусақ бірдей еместігін алға тартады. Шенеуніктердің баласы я туысқаны басшылық қызметтерден көрініп жатса, одан саяси астар іздеп қажет емес дейді. Күнделікті көріп-біліп жүрген педагогтар, я болмаса дәрігерлер династиясы секілді.
"Депутаттық мандат деген бұл енді атадан, әкеден қалған тақ емес. Мысалы, кәсіпкер кәсіпкерлікті үйретеді өзінің баласына, дәрігер дәрігерлікті. Бұл жерде тәжірибеге байланысты. Яғни кейбір мәселелерде болады, іздеу керек шығар астар, түк бітірмейтін, істемейтін сондай бір жағдайларда", - деді депутат Сырым Ертаев.
Иә, маманның қарым-қабілеті мен кәсіби біліктілігін жоққа шығаруға болмайтыны рас. Әсіресе тәжірибесі мен атқарған ісі үйлесіп тұрса.
"Егер үміткер өзінің білімі тұрғысынан, санаты тұрғысынан, еңбек өтілі тұрғысынан осы лауазымға лайық болса, оның әкесі кім немесе министрдің баласы ма деген сұрақ тумауы керек. Өйткені әрбір адамға, әрбір азаматқа біздің елімізде тең құқықтар берілген. Егер шын мәнінде ол өзінің кәсіби біліктілігін көрсете алатын болса, оны дәлелдеп берсе, онда ол сол лауазымға лайықты деп санауымыз керек", - деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Тек маслихат депуттары емес, өзге шенеуніктер арасында мұндай мысалдар жеткілікті. Мәселен, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоқжановтың туған інісі Марат Тоқжанов Батыс Қазақстан облысындағы аудандардың бірін басқарып отыр. Экс-министр Біржан Нұрымбетовтің өз ағасы Тимуржан Нұрымбетовпен әріптес болғаны да ел аузында. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың інісі - еліміздегі ең ірі ұйым "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның президенті екенін біреу білсе, біреу білмес. Тізім мұнымен бітпейді.