Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ағаларымның арқасында атақ алдым": Айгүл Елшібаева марқұм Мұрат Әуезовті еске алды

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева 81 жасқа қараған шағында дүниеден озған қоғам қайраткері Мұрат Әуезовті еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/aigulyelshibayeva01/

Өнер иесі қоғам қайраткерін 27 жылдан бері танитынын айтып берді. 

“Мұрат ағамызбен 1997 жылы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы Юнеско шеңберінде аталып өткен, Франция мемлекетіне өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертінде сапарлас болдым. Ол кезде жиырма жастамын. Шетелге барған тұңғыш гострольдік сапарым. Париждің төрінде Әміре ән салған Плейл залында концерт басталайын деп жатқанда, сахнаға шығуға қобалжып тұрғанымды Мұрат ағама айттым. Басқа мемлекетке барғанда өз ұлтыңның қасиетті өнерін көрсету, өзге халыққа таныту, өнер иесіне үлкен жауапкершілік екенін түсініп тұрдым. Мұрат аға “Айгүл, қорықпа, еш қобалжыма, мен тілекші боламын” деп, ақ тілегін білдірді. Әміре ән салған Плейл залындағы Париж сахнасын 72 жылдан кейін шулатқаныма шүкірлік еттім”, – деп жан сырын ақтарды әнші. 



Дәстүрлі әнші өнердегі жолының ашылуына елге есімі белгілі ағалардың қолдауы себеп болғанын жасырмады. 

“Концерт аяқталғанда Мұрат аға келіп, қолымды алып, “Саған тілекші болдым, Мұхтар Әуезов атаңның аруағы сені қолдады” деп, құшақтап бетімнен сүйіп, құттықтады. Плейл залының директоры Филлип Карт, “Браво!” деп визиткасын сыйлап, келесі күні өтетін атақты пианист Мариссио Полинидің концертіне тегін билет сыйлады. Шет елде мемлекет атынан шығып, ұлттық өнерді танытып шулатқандарға атақ бірден беріледі екен. Маған ол атақ 20 жылдан кейін берілді. 40 жасыма таяу өнерге қамқор, ұлттық өнердің жанашыры Нұрлан Ноғаев, Мырзатай Жолдасбеков ағаларымыздың қолдауының арқасында берілді. Мұрат Әуезов ағамыз өмірден өтті дегенді естігенде ағамыздың парасатты, ақ жүректі, кішіге қамқор, ақ тілеулі жарқын бейнесі жүрегімді қалды”, – деп жазды өнер иесі. 

Еске салайық, қайғылы хабарды жазушы-журналист, Қазақстан ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин жеткізген еді. 

Талқылау