Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдеттегіден ыстық болады": Көктем мен жаз айларына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Қазгидромет 2024 жылдың көктем және жаз айларына арналған Қазақстан аумағы бойынша маусымдық ауа райы болжамын жариялады. Сәуір және мамыр айларында ел аумағының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы бір айдағы нормадан 1° жоғары болатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото pixabay.com

Синоптиктердің болжамынша сәуір және мамыр айларында ел аумағының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы бір айдағы нормадан 1° жоғары болады. Жауын-шашын мөлшері сәуір айында республика аумағының басым бөлігінде нормадан көп, еліміздің солтүстік-шығысында, орталығында және оңтүстік облыстарының солтүстігінде - норма шамасында болжанған. Ал мамырда жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде климаттық норма шамасында жауады.

Мамандар көктемде ауа райының тосынсый жасауы мүмкін екенін айтады. Себебі өтпелі маусымдық синоптикалық процестер өте тұрақсыз. Каспийдің оңтүстігінен және Ресейдің еуропалық аумағынан циклондардың әсерінен жауын-шашын күтіліп, түнгі уақытта жаңбыр мен қар түрінде, күндіз жаңбыр түрінде, ал оңтүстік аймақтарда суық ауа массаларының енуінің салдарынан аяз болуы мүмкін.

Маусым айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары, яғни әдеттегіден ыстық, елдің батыс бөлігінде норма шамасында болады деп болжанған.

Шілде, тамыз айларында Қазақстанда ауаның орташа айлық температурасы норма шамасында болады. Тек тамызда елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан 1°жоғары деп болжанған.



Алдын ала болжам бойынша жаздың басында маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшерден аз болады. Ал шілде және тамыз айларында ҚР көптеген облыстарында жауын-шашын мөлшері норма шамасында және нормадан көп. Шілде айында елдің оңтүстік-батысында және оңтүстік жартысында, тамызда орталық, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нормадан аз болады деп болжанған.

Маусымдық ауа райы болжамы ауа температурасы мен жауын-шашын бойынша орташа алынған метеорологиялық көрсеткіштердің, қарастырылып отырған маусымдағы климаттық нормадан ауытқу (аномалия) ретінде көрсетілген сипаттамасы.

Еске сала кетсек, синоптиктер бұған дейін сәуір айына арналған ауа райы болжамын жариялаған еді. 

Талқылау