"Әдемі қалада тұрып, сұрықсыз көшелермен жүреміз": Баян Мақсатқызы Алматы қаласының әкімдігіне үндеу жасады
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы Алматы көшелерін сынап, әкімдікке ашуланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/
Продюсер туристер көп жүретін орталық көшелерде жарық жоқ екенін айтып шағымданды.
“Мен жұбайыммен қазір қаланың қақ ортасында серуендеп жүрміз. Бұл – Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысы. Қандай қараңғы екенін көріп тұрсыздар ма?! Жай ғана “колхоз”. Ұмытылған, қараусыз қалған жер сияқты. Мына саябақтың салынып жатқанына да бір жарым жылдай уақыт болды. Мүлдем жарық жоқ. Тас қараңғы. Бұл жерде қала қонақтары, туристер көп жүреді. Осындай әдемі қалада тұрып, дәл мынадай сұрықсыз көшелерде жүретініміз өте өкінішті", – деді продюсер.
Сонымен қатар продюсер осы аудандағы субұрқақтардың да қирап жатқанын да көрсетіп, ешқандай жауапкершіліктің жоқ екенін тілге тиек етті.
“Алысқа барудың қажеті жоқ. Қаланың қақ ортасындағы жағдай осындай, қаланың шет жағында не болып жатқанын тіпті елестете де алмаймын. Ақша бөлінеді, жұмысшыларға ақша төленеді. Бірақ нәтижесі мынадай. Мына бассыздық үшін кім жауап береді? Қайда шағымдану керек? ", – деді продюсер Бөгенбай батыр мен Төлебаев көшелерінің қиылысындағы тротуарға төселген плиталардың да қирап жатқанын көрсетіп.
Фото: https://www.instagram.com/bayanmaxatkyzy/
Еске салайық, Алматының Бостандық ауданындағы электр қосалқы станциясында ірі апат болып, қаланың бір бөлігі жарықсыз қалғанын жазған едік.