"Адамдарға кедергі жасамау керек": Қазақстанда көлікті үй ауласында жуу және жөндегені үшін қандай жаза қарастырылған
Ішкі істер министрлігі елімізде көпқабатты үйдің ауласында көлік жууға және жөндеуге болмайтынын ескертті. Егер ережелер сақталмаса, айыппұл мен жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Көпқабатты үйлердің ауласында және демалыс орындары мен қоғамдық жерлерде көлік жууға және жөндеуге болмайды. Ережені бұзған адамға Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес бірінші рет ескерту беріледі. Ал ереже бұзу тағы қайталанса, 39 620 теңге айыппұл салынады.
Мамандардың айтуынша, жүргізушілердің дені темір тұлпарларын рұқсат етілмеген аумаққа қойып кетеді. Ал ол тұрғындар мен өзге де жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіреді екен.
“Көпқабатты үйлердің ауласына көлікті қою негізі жолға және жүргіншілерге, басқа да тұрғындарға бөгет жасамауға тиіс. Егер ауланың ішінде жол белгісі болмаса, қоюға болмайды. Негізі көлікті аулаға қоюға рұқсат. Бірақ ол жердегі тұрғындардың жалпы жүргіншілердің құқықтарын бұзбауға тиіс. Мысалы, көлденең қойып қою, подьезге кіруге бөгет жасау, әрине, заңбұзушылық болып есептеледі”, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Мамандары көлікті арнайы орындарға апарып тазалап, тексерістен өткізуге кеңес береді. Сондай-ақ тұрғындар ауладан дұрыс қойылмаған көлік көрсе 102 нөмеріне хабарласып, құқық қорғау органы қызметкерлерін шақыра алады. Немесе тыйым салынған жерге қойылған көлікті нөмірімен бірге видеоға түсіріп, е-өтініш порталына жіберуге болады.