Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адам көп, шығу үшін кезек түзілді": Куәгерлер Алматыдағы хостелде не себепті көп адам ажал құшқанын айтты

"Almaty Hostel" хостелінде болған өрт салдарынан 13 адам көз жұмды. Тағы бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Қазір хостел тұрғындары уақытша мектептер мен өзге хостелдерге орналастырылды. Оқиға орнында куәгерлер өрт туралы және неліктен көп адам ажал құшқаны жайлы айтып берді. 

хостел

ТЖД мәліметінше өрт туралы ақпарат таңғы 05:33 шамасында келіп түскен. Өртті сөндіру кезінде 3 қабатты үйдің жертөлесінен 13 адамның мәйіті табылды. Олардың 4-і шетелдіктер, 9-ы қазақстандықтар екен. 

Хостел иелері 1956 жылы салынған 3 қабатты үйдің 1-қабаты мен жертөлесін жалға алған. Қалалық әкімдік ұсынған деректерге сәйкес нысан Halyk Bank-тің еншілес компаниясына тиесілі екен. Жалға алушы – “ALA Hostel” ЖШС. Жалпы аумағы 457 шаршы метр. Нысанның иесі мен жалға алушы арасында келісімшарт биыл 21 қыркүйекте жасалыпты. Дегенмен заң бойынша жертөледе хостел орналастыруға болмайды екен.

Өрт болған үйдің тұрғыны Антонина Ивановнаның айтуынша, хостел жаздан бері жұмыс істейді. Бұған дейін хостел орнында азық-түлік дүкені, оның алдында қару-жарақ дүкені жұмыс істеген екен. 

хостел

Тұрғын Антонина Ивановна

"Мен өрт туралы сағат 09:00-де білдім. 3-қабатта тұрамын, үйден өзім шықтым. Барлығының есігін қағып шықтым. Бұған дейін хостелдің орнында азық-түлік дүкені жұмыс істеген, одан бұрынырақ аңшылық дүкені болды. Хостелде көбіне жастар тұратын, ішімдік те көп ішіледі. Өйткені қоқыс сыраның банкаларына толып тұрады. Өрт басталғанда ешқандай иіс сезбедім", – дейді ол. 

Хостелде тұрған Рустам Бүркітбаевтың айтуынша, бұрын аңшылық дүкен болғандықтан, терезені сындыру да қиынға соғыпты. 

"Адам көп, сыртқа шығу үшін кезек түзілді. Шығатын есік біреу ғана еді, барлығы айқайлай бастады. Екінші жағынан кейбірі терезені сындыра бастады. Бірақ шыныны сындыру оңай болмады. Бұрын аңшылық дүкен болған, сондықтан беріктігі жоғары терезе қойылған сияқты", – деп айтты ол Sputnik басылымына берген сұхбатында. 

хостел

Ал хостелге құрбысының заттарын алуға келген алматылық қыз зардап шеккендердің көпшілігі өрттен қашамын деп аяқ-қолын сындырып алғанын айтады. Сөзінше, қазір құрбысы ауруханада ем қабылдап жатыр. 

"Мен бұл хостелде тұрмаймын. Аяғымды ауыртып алған соң ауруханаға барып едім, осында тұратын құрбымды көріп қалдым. Беті-қолы күйген. Хостелде қашаннан бері тұрғанын білмеймін, қатты қорқып қалған. Тіпті қандай заттар керегін жазғанда да қобылжып тұрғанын байқадым. Ауруханада Пәкістан азаматына көмектестім, есімі Абдулла болу керек. Не орысша, не қазақша білмейді. Тағы Үндістаннан келген екі жігіт болды. Өрт кезінде адам көп болған ғой, құлап аяқ-қолдарын, мұрнын сындырып алғандар бар", – деді бойжеткен. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті медицина факультетінің студенті Ахмед Файиз Ахмед Әл-Гобэйдің сөзінше, бөлмелердің бірінде матрас өртенуі мүмкін. 

"Таңғы 05:00 шамасында шу басталып кетті. Кейбірі жертөледе матрас өртенуі мүмкін дейді. Нақты қайда екенін білмеймін. Құжаттарды ала салып, далаға шықтық", – дейді шетелдік студент. 

хостел

Оның пайымдауынша, қою түтіннің кесірінен адамдар сыртқа шыға алмай қалуы мүмкін.

"Біздің бөлме жоғарғы қабатта еді, түтін басқанда сыртқа шыға алдық. Бірақ шеткі бөлмеде тұратындар ішінде адасып кетті. Кейбірі терезені ашып, сол арқылы шықты", – деп қосты ол. 

Аймұрат есімді жігіт хостелдің бірінші қабатында тұрған екен. Өрт басталған соң бірінші қабаттың өзінде ештеңе көрінбеді дейді. 

"Жертөледе жағдайдың қандай болғанын елестете де алмаймын. Сол жақта достарым да болып еді, мерт болған секілді. Түтіннен шыға алмай қалды. Хостелде барлығы ашық-шашық жатады. Розеткалар ашық. Талаптар сақталмаған. Мұнда тұрғандардың көбі студенттер, жұмыс істейтіндері де бар. Шетелдіктер арасында Алжир, Пәкістан, Үндістаннан келген студенттер. Балалар оқу оқитын, даяшы боп жұмыс істейтін", – деді ол тілшімізге берген сұхбатында. 

Арсен Асылбеков есімді студент бұл хостелде 20 қарашадан бері тұрады екен. Өрт басталғанда ол ұйықтап жатқан. Көз жұмғандар арасында оның 15 жастағы көршісі болған. 

"Әдетте таңғы 4-5-ке дейін ұйықтамайтын едік. Бүгін 2-де ұйықтап қалдым. Мені оятып алды, дәліз өртеніп жатыр екен. Үстімізде ештеңе жоқ, жүгіріп шықтық. 15 жастағы студент менің көршім еді. Оятпақ болдық, бірақ есін жимады, мерт болыпты. Екеуміз бірге тұрған едік", – дейді студент. 

Айтуынша, жертөле жалындап жана бастаған. Бірақ шеткі бөлмеде тұрған адамдарға көмектесе алмапты. 

"Астында ас үй, сосын бір бөлме, одан кейін холл, содан кейінгі бөлмеде мен тұрдым. Әрі қарай тағы 2 бөлме болған, ол жақта да адамдар тұрды. Бірақ тірі қалуы екіталай. Біз көмектеспек болдық, жігіттер кіргісі келген. Алайда жертөлеге түсу мүмкін емес еді. Тіпті бірінші қабатты да қою түтін басты", – деп қосты жігіт. 

Хостелде тұру құны әртүрлі болған. Кейбірі ай сайын 25 мың теңге төлесе, кейбірі 35 мың теңге төлегенін айтады. Өрттен кейін хостел тұрғындары мектеп пен өзге де хостелдерге орналастырылды. Әкімдік ақпаратына сәйкес олар қажет дүние-жабдықпен толығымен қамтамасыз етіледі. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт болып, 13 адамның жан тапсырғанын хабарлаған едік. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт болған кезде мұнда 72 адам болған. 59 адам эвакуацияланыпты. Өрттің себебі сараптамадан кейіне анықталады. Қазір полиция бұл оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғады. 

Талқылау