Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі жасында денесі күйіп қалған жасөспірім еміне өзі қаржы жинап жүр - ол сурет салып ақша табуда

13 жастағы Абдурахман Темірбектің 2 жасында қайғылы оқиға орын алып, денесінің көп бөлігі күйіп қалған. Ол - көпбалалы отбасында үшінші бала. Осы уақытқа дейін алты наркоз қабылдаған соң, ақпаратты баяу қабылдайды, достарымен арақатынасы суық, себебі бет-әлпетінен жиі қысылады. Бұған қарамастан, жеткіншек күйзеліске түскен жоқ, өз қолымен сурет салады және туындыларын сату арқылы еміне қаражат жинап жүр. Stan.kz редакциясы жеткіншектің анасы Айнур Исмагуловамен сөйлесіп, Абдурахманның қазіргі жағдайын білді.

Абдурахман 7-сынып оқиды, мінезі жұмсақ, ұялшақ, болған жағдайдан кейін қатты қысылады, адамдармен байланысқа түсе бермейді, дейді баласы жайлы Айнур Исмагулова.

"Мектепте көп ренжіткен сияқты, сыныпта тек қыздармен оқитын болғандықтан достары жоқ. Бала кезден сурет салғанды жақсы көреді. Үйде, отбасымда сурет салу қабілеті көп адамға берілген. Өзі салған суреттерді еріктілерге көрсеткенімде, олар осы туындыларды сатуды ұсынды. Ол кезде ұлым салған 1-2 суреті қана бар еді. Кейін желіге салған соң, суреттер сатыла бастады. Еріктілердің бұл идеясы Абдурахманның өзіне де қатты ұнады. Өзіне ұнайтын нәрсемен айналыса отырып, еміне қаражат жинауға үлес қосады. Әдетте, ол суретті 3 сағаттай салады. Қазір бастапқыда салып жүргенге қарағанда біршама үйреніп қалды. Сондай-ақ, сурет салудан беретін мұғалімдерден кеңес алып отырады", - дейді анасы.

Қайғылы оқиға 2009 жылдың қазан айында болды. Ол кезде Абдурахманның жасы 2-де болған.

"Үйде екеуміз ғана едік. Одан бөлек тоғыз айлық сәбиім болған. Жаңа үй салып, газ орнаттық. Газ орнатқандар бізге оның таратылғанын ескертпеген. Оралда қазан айында суып кетеді. Есік-терезелердің бәрі жабық болған. Баллонды газға сіріңкені тұтатқанда жарылыс болды. Өрт есікке өтетін жолды жауып тастады. Ұлымды ұстап терезеден шықтым. Үйде кенже ұлым қалды. Абдурахман ас үйде болғандықтан, біз көбірек зардап шектік. Ұлымның денесін 1-дәрежелі күйік шалды. Басы, екі қолы, бетінің терісі күйді. Өзімнің денем де күйіп қалды. Ауруханада екі ай, оның он күнін жансақтауда жатты. Оралда оған тері ауыстыру отасын жасап берді. Екі ота Оралда, екеуі Нұр-Сұлтанда, бірі Шымкентте, соңғысын Түркістанда жасаттық", - дейді Айнур Исмагулова. 

Айтуынша, жарылыстың эпицентрінде болғандықтан, ұлы ең көп зардап шеккендердің бірі болған. 

"Содан бері біз тұрақты түрде Түркиядан келген хирург дәрігерге қаралып жүрміз", - дейді баланың анасы. 

Қазір жеткіншек өтпелі жаста болғандықтан, бойы өсіп, терісі одан бетер жиырылады. Қолы зақымдалған, жұдырық қылып жұма алмайды, бетінде тыртықтары қалып қалған.

"Бізге барлық хирургтар шет елде ота жасауды ұсынды. Осылайша, біз Германия, Түркия, Корея, Үндістанға өтініш айттық. Бізге тек Германия мен Кореядан жауап келді. Карантин басталған соң, Кореяға баруды кейінге қалдырдық. Жақында Германия да жабылды деген хабар келді. Кореяға емге арналған қаражатымыз жиналды. Германиядағы емге 80 000 доллар қажет, ол жақта, әрине, Кореяға қарағанда Германияның ем шаралары жақсы дейді", - дейді ол. 

Айтуынша, адамдардың қолдауы отбасыға қатты көмектескен. Желі арқылы жинаған қаражат қазіргі уақытта Кореяға барып емделуге жетеді, алайда сапалы ем қабылдау үшін отбасыға Германияға бару керек. Жас балаға жаңа өмір сыйлайтын тері ауыстыру отасын жасау үшін отбасы 80 000 доллар қаражат жинауы тиіс.

"Мен баламның тірі қалуын бірнеше күн бойы Құдайдан сұрадым. Абдурахман есін жиды, мен үшін бұл ғажайып болды, Аллаға сансыз шүкірлік етемін", - дейді жеті баланың анасы.

Көмек берем деушілерге реквизиттер:

КАСПИ ГОЛД : 4400 4301 8383 6458⠀

( Айнур Исмагулова, мама, ISMAGULOVA AINUR )

ИИН 790330400856

ХАЛЫК БАНК : 6244 9502 2413 7884 ( Айнур Исмагулова, мама)

СБЕРБАНК KZ : 4578 3200 1045 5885 ( Айнур Исмагулова, мама)

Талқылау