Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әбдірахымов әкім болып тұрған уақытында Болат Назарбаевтың тоқалына 70 мың доллар ақша мен 20 мың доллар тұратын сырға сыйлаған

Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі болып тұрған уақытында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "тоқалы” – әнші Динара Әлжанға 70 мың доллар ақша мен бағасы 20 мың доллар болатын сырға сыйлаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Габидолла

Бұл жөнінде "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды. Әнші алдымен Әбдірахымовпен қалай танысқаны туралы айтады.

"Шымкентте қонақүйдің ақшасын төлей алмай отырған кезде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы кіріп келеді. Жанында көмекшілері бар. Сол кезде қасында оң қолы бар, өзі бар, тілек айтып тұрып маған қарап тұрды. Мен: "Маған неге қарап тұр екен?" деп ойладым. Сосын той иесі: "Бұл кісінің емес, мына кісінің туған күні" деп еді, ол: "Мен жай қарап тұрмын, мүмкін, қарағым келген шығар" деді. Одан кейін биге шақырды. Қайрат Нұртас өлең айтты. Біз биледік, содан маған: "Неге көзің мұңға толы, қалай мен сен секілді әншіні білмеймін" деді. Мен өзімнің осындай жылдары келгенімді (өнерге – ред.), қоржынымда бар әндер туралы айттым, хит әндерім жоқ, бірақ алдағы уақытта жұмыс істеу үшін Шымкентке келдім дедім", –дейді Болат Назарбаевтың бейресми әйелі.

Әншінің айтуынша, Әбдірахымов өзінен қай қонақүйде тұрып жатқанын сұраған.

"Шымкент" қонақүйінде дедім. Сосын көмекшісіне хабарласты да, Rixos қонақүйінен VIP-бөлме алып берді. Келесі күні караокеге бардық. Оның жақсы көретін әні "Море" екен, осы әнді айтқаннан кейін бұл әнді қайдан білетінімді сұрады. Оны мен де ұнататынымды айттым. Содан кейін: "Дауысың керемет екен, бейнебаянға қанша қажет" деп сұрады. Мен енді танысып тұрған адамға мынанша қажет деп айта алмайтынымды мойындадым. Ол: "20 мың ба, қанша?" деп сұрады. 20 мың емес, Қазақстанда 2 мың долларға да бейнебаян түсіруге болады ғой. Ол сосын: "Орыстар 100 мыңға түсіреді ғой" деді. Мен олардың дәрежесі бөлек екенін айттым", – дейді Динара Әлжан.

Айтуынша, келесі күні әкім оны түскі асқа шақырған.



"Ол жерде кілең кәсіпкерлер, ағалар мен танитын достары отырды. Мен кірген кезде маған: "Флешкаңызды беріңіз, қазір сіз ән айтасыз" деді. Диджейге бердім. Бәрі отыр, мен жалғыз өзім түсінбей тұрдым. Ол кісі кіріп келді де: "Динараны танисыздар ма, Динара Әлжан, әнші" деп еді, отырғандар басын шайқады. Осыдан кейін ол маған 20 мың доллар тұратын Damiani сырғасын сыйлады және сол жерде маған 1 миллион теңге берді. Сосын маған: "Сенде не жағдай болып тұр, сырыңды аша алмай тұрсың, қиналып жүрсің ғой" деді. Мен өзімнің жағдайымды, үйсіз қалғаным туралы айттым да, бірақ Болаттың (Болат Назарбаев – ред.) тоқалы екенімді жасырып қалдым. Ол кісі маған көмектесті, 70 мың доллар берді", – деп мойындады Әлжан.

Еске салайық, Әбдірахымов 2019 жылдың қыркүйегінен бастап премьер-министрдің кеңесшісі, оған дейін 2018 жылдың маусымынан 2019 жылдың шілдесіне дейін Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған. Ал одан бұрын 2017 жылдың қазанынан 2018 жылдың маусымына дейін "Нұр Отан" (қазіргі Аманат) партиясының хатшысы болған.

Шымкент қаласының әкімі қызметінен Әбдірахымов әлеуметтік желіге жариялаған даулы бейнежазбасынан кейін босатылған. Ол өзінің Лондон қаласында қыдырып жүрген видеосын жариялап, "Қазақстандықтар Қазақстанда жұмыс істеп, бүкіл әлемді аралауы керек" деген. Әкімнің бұл сөзі көптің сынына қалған.

Кейіннен әкімнің қызметінен босатылуына түсініктеме берген сол кездегі президент әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев Әбдірахымовтың "ел басшылығының қолдауы мен сеніміне ие болғанын", бірақ "оның мұны жеткілікті түсінбегенін" айтқан.

Бірақ бұған қарамастан, Әбдірахымов 2019 жылдың қыркүйегінен 2021 жылдың қаңтарына дейін премьер-министрдің кеңесшісі қызметін атқарды. Содан кейін Спорт және мәдениеті вице-министрі болды. Бұл қызметте 2021 жылдың қаңтарынан 2021 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді.

Еске салайық, бұған дейін Динара Әлжан өзінің анашаға тәуелділігі туралы және казинода қарызға батқан әнші Қайрат Нұртасқа көмектескенін айтқан еді. Оның айтуынша, ол бір айға жуық уақыт бойы Болат Назарбаевтың ақшасына тұрақты түрде кокаин сатып алып отырған.

Талқылау