Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында 44 мыңнан астам оқушы мемлекеттік тілден емтихан тапсырады

Биыл алғаш рет 5-8 сынып, 10-сынып оқушыларына қазақ тілінен аралық емтихандар өткізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев баяндады.

“Қазақ тілінен аралық емтихандар өткізудің негізгі мақсаты - білім алушылардың қазақ тілі бойынша оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеруін бағалау. Облыс бойынша 44 мыңнан астам оқушы мемлекеттік тілден емтихан тапсырады. Сонымен қатар 27 -31 мамыр аралығы және 26- 30 тамыз аралығында жазғы мектеп жұмыс істейді. Ол негізгі және жалпы орта білім берудің негізгі пәндері бойынша 1-8 және 10-сынып оқушылары үшін ұйымдастырылмақ. Жазғы мектепте оқу білім алушылар үшін тегін өткізіледі”, - деп атап өтті спикер.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында электронды форматта өтеді. Түлектер ҰБТ-ны екі рет тапсырады. Екі талпыныс та мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға жарамды. 

“Биылғы оқу жылында жоғарғы оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді 4 615 түлек тапсырмақ. Өту күнін, уақытын және орнын бітірушілер ҰТО-тың порталында өздері таңдайды. Сондай-ақ 1 сәуірден 31 тамызға дейін 1-сыныпқа өтініш қабылдау жүргізілуде. Болжам бойынша 1-сыныпқа 10 718 бала қабылданбақ”,- деді Нұржан Ахметқалиев.

Талқылау