Қонаев қаласындағы казинолардың миллиардтаған теңге салық төлеуден жалтарғаны анықталды
Алматы облысының прокуратурасы Қонаев қаласының аумағында орналасқан ойын мекемелерінің қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, ойын мекемелерінің қызметін бұрын ешкім кешенді тексермеген.
Тексерумен 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезең қамтылып, нәтижелері бойынша заңнаманың әртүрлі салаларының көптеген бұзушылықтары анықталды.
"Казино мен ойын мекемелері алдын ала есептеулер бойынша миллиардтаған теңгеге салық төлеуден жалтарған. Қазіргі уақытта прокуратураның талабы бойынша салық қызметкерлері жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Олардың нәтижелері бойынша жалтарудың түпкілікті сомасы анықталатын болады. Ойын автоматтарының барлық залдарында "Ойын бизнесі туралы" Заңның 12-бабының 6-тармағында көзделген, яғни клиентке 95%-дан кем емес ұтыс пайызының сәйкессіздігі анықталды. Шын мәнінде, ойын автоматтарының жеке залдарында келушілердің ұтыс пайызы 25%, 30% және 51% құрады", – делінген Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Ведомство аталған сәйкессіздік нәтижесінде ойын мекемелерінің үстеме кірісі 2,6 млрд теңгеден асқанын жеткізді. Бұл қаражат мекеме клиенттерінің ұтысын құрауы тиіс болған.