Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма": Депутат спорттағы былықтарды айтып берді

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев спорт саласына бөлінетін қаржының тым көп екенін айтып, министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту керек деп талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот 

Мәжілісмен өз депутаттық сауалында қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтар көп екенін мәлімдеді. 

"Спорт – денсаулық кепілі" дейміз  әлімсақтан, бірақ Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді маған. Енді есепті қараңыздар, Қазақстан жоғары жетістіктер спортына  бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма?”,-деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ екенін алға тартты. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алған.

“Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Бұл бір. Екінші мәселе, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не үшін бюджеттен ақша бөліп отыр?”- деді депутат өз сауалында.

Депутат шетелдік тәжірибені салыстырып, мысалға алды. Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт  түріне қазынадан ақша береді, ал  Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды.

“Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде Пенчак силат, Спорттық балық аулау, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Унифайт, Черлидинг дегендер жүр. Бұл   атауларды бұрын естігендер бар ма өзі? Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, спорт на пилоне деген. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайсыздар сосын? Ал Ұлттық спортымыздың хәлі нешік дегенге келейік. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, Қазақ күресін мазақ қылып турнур ұйымдастырып, оны жаһанға жариялап жүргендер және бар”,-деді ол.

Оның айтуынша, спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-ші бағдарламасында: "жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылыпты. 

Спорт саласындағы мәселелерді көтерген депутат бірнеше ұсынысын айтты 

“Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей   жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, "Астана" футбол клубы, "Барыс" хоккей клубы, "Астана" баскетбол клубы мен "Астана" велокомандасына жылына "Самрұқ-Қазына"-дан 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келген ол ақша "Самрұқ-Қазына"-ның емес халықтың ақшасы”,-деп ұсынысын жеткізді.

Депутат Сәрсенғалиев Легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керектігін айтты.

“Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ. Спорт саласына "мониторинг" деген түсінік енгізу керек. Өйткені құзырлы ведомства аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек”,-деді ол өзінің депутаттық сауалында. 
 

Талқылау