Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Банктерде ақша аз қалды, енді кезекке тұрғандар көлік ала алмайды": Елімізде жеңілдетілген автонесие тұралап, көлік тапшылығы ушығып барады

Қазақстанда жергілікті халық қалтасына қолайлы бағада су жаңа көлік мінсін деп, 4 пайызбен жеңілдетілген несие берудің басталғанына жарты айдан аса уақыт өтті. 16 мамырда бағдарлама алғаш басталған күні жергілікті тұрғындар өз қалаларында орналасқан авто орталықтарға барып, ұзын-сонар кезек пен дүрбелеңнің басталып кеткені әлі халық есінде. Арада біраз уақыт өтсе де жаңа көлікке қолы жеткендерден гөрі кезек күтіп жүргендер әлі де көп. Ал өнеркәсіпті дамыту қоры автонесиеге бөлінген 70 млрд теңгенің 65 млрд теңгесі игеріліп қойғанын айтады. Stan.kz тілшісі жеңілдетілген көлік несиесінің жайын біліп, Қазақстандағы көлік тапшылығының себебі туралы мамандардан сұрады.

көліктер

"65,1 млрд теңге сомасында 8 795 өтініш қабылданған"

Алдымен 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиенің қалай жүріп жатқанына тоқталайық. Өнеркәсіпті дамыту қорының соңғы мәліметтеріне сәйкес, бағдарлама іске қосылғалы бері екінші деңгейлі банктерге 21 897 өтініш келіп түскен.

"Оның ішінде 65,1 млрд теңге сомасында 8 795 өтініш қанағаттандырылды", - делінген қордың 31 мамыр күнгі таратқан дерегінде.

Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін 974 көлік өз иесін тапқанын қоса кетейік. Көліктердің ең көбі Алматы қаласында сатылған. Одан кейінгі орынды Нұр-Сұлтан (111 көлік) мен Шымкент (108 көлік) қаласы түгендейді.

Көлік алуға алғашқылардың бірі болып кезекке тұрған Алматы қаласының тұрғыны Диас Нұрақын өзінің әлі күнге дейін өз кезегін күтіп келе жатқанын айтып, 65 млрд теңгеге көлікті кімдер алып жүр деп таңданады.

"Айқай-шуға ұласқан автонесие ұйымдастырушылары тағы да өтірік айтып жатыр. Күнделікті жұмысым автосалондарға хабарласудан басталады. Телефонда екіні бас, төртті бас деп алтын уақытты алатын қыздарды соңына дейін тыңдап, менеджер тұтқаны көтергенше табандап тұрып аламын. Алматыдағы Kia Doscar Almaty мен Hyundai Kazakhstan салондары әлі бір де бір көлік сатпапты. Дайын көлік жоқ, қашан келетіні де белгісіз дейді менеджерлер. Сонда 65 млрд теңгеге кім көлік алып жатыр? Әлде машинаның өзі жоқ тек ВИН кодпен зауыттан әлі шықпаған машиналар рәсімделіп жатыр ма?", - дейді ол.

"Кезекке бірінші болып тұрсам да, әлі күтіп келе жатырмын"

Диас өзінің кезекке несие басталмай, жиырма күн бұрын тұрғанын айтады. Алайда несие беру басталған күні оның кезегінің күші жойылып, қайта қатарға тұруға мәжбүр болған.

"Ол кезде аты-жөнімді журналға жазып алып, бағдарлама ашылған соң электронды кезекке қоямын деген. Содан көліктерді таңдап жүріп, Kia мен Hyundai орталықтарына барып, кезекке тұрып алдым. Бірақ 16 мамыр күні ол кезегіміз жойылып, айқай-шумен Hyundai орталығына қайта барып, Hyundai Elantra деген көлікке кезекке тұрдым. Бірінші күні барғанның өзінде кезекке 416 болып тіркелдім. Сол кездің өзінде менеджерлер бізге көліктердің жоқ екенін, 2-3 ай тіпті одан көп уақыт күтіп қалатынымызды айтты. Сөздерінше, осы уақыттың ішінде зауыттан 30-40 көлік шығарылады, ол бүкіл Қазақстанға 2-3 данадан ғана бөлінеді екен. Мүлдем көлік жоқ уақытта 974 адам 65 млрд теңгеге қандай көлік алып жүр? Сонда автонесие ұйымдастырушыларының айтқаны тағы да өтірік пе?!  Күн сайын автоорталыққа хабарласып, кезегімнің жылжыған орнын білемін. 2 аптадан кейін кезегім 416 орыннан 336-ға жылжыпты. Бірақ ол халық көлік алған соң жылжып жатқан жоқ, көбісі кезектен шығып кетіп жатыр", - дейді Алматы қаласының тұрғыны.



Диас өзінің кезегін күтіп жүргенде, банктердегі ақша бітіп қалады ма деп сескенеді.

"Мына түрімен менің көлік кезегім келгенше, банктерде ақша бітетін сияқты. Айналдырған 100 млрд теңгенің 30 млрды автобус паркін жаңғыртуға, қалған 70 млрд 4 пайызға бөлінген. Оның 65 млрды игеріліп қойса, демек банктерде 5 млрд теңге ғана қалды. Ол келесі аптада толық бітеді. Сонымен 4 пайыздың жыры да жылы жабылады. Автонесие ашылған күні кезекке тұрған менің өзім әлі сандалып жүрмін. Ал көлік алуды енді ойлап жүргендердің мүлдем мүмкіндігі жоқ", - дейді ол.

Қазақстанда көлік құрастыратын кәсіпорындар жайлы

ҚазАвтоПром - Қазақстан автокөлік өнеркәсібі кәсіпорындарының бірлескен одағы. Одаққа қатысушы кәсіпорындардың үлесіне қазақстандық автомобиль өнеркәсібі өнімінің 60%-дан астамы және республиканың автомобиль өнеркәсібінде жұмыс істейтіндердің 40%-дан астамы кіреді. ҚазАвтоПром-ның Қазақстандағы үздік көлік құрастырушы кәсіпорын саналатыны сөзсіз. Себебі статистикалары солай сөйлейді.

ҚазАвтоПром-ның ресми сайтында ондағы кәсіпорындардың қазақстандық автомобиль өнеркәсібі өнімінің 74%-ын құрайтыны сондай-ақ жылына 40 000-ға жуық автокөлік құрастыратыны жазылған.

Екінші көлік құрастырушы орталық Қостанайда орналасқан "СарыарқаАвтоПром" зауыты. Бұл зауыт Қазақстандағы өнеркәсіптік құрастыру талаптарына жауап беретін, дәнекерлеу, сырлау және шанақ құрастыру жұмыстары жүргізілетін алғашқы зауыт саналады. Бұдан бөлек бұл зауыт көліктің барлық түрін шығаратын бірден бір кәсіпорын. Бүгінгі күні бұл жерде JAC, Chevrolet, KIA, LADA, UAZ, MAN, Renault көліктері құрастырылады. Бұл көліктердің ішінен бірақ тек JAC, Chevrolet, KIA маркаларын ғана жеңілдетілген несиемен алуға болады.

Материалды жазу барысында, редакция қызықты дерекке жолықты. Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындар одағының (ҚазАвтоПром) ресми сайтында индустрия және өнеркәсіпті дамыту министрлігіне тікелей сұрау салған жазбасы анықталды. 12 сәуір күні жарияланған жазбада одақ 4% несиемен халыққа көлік беру жобасына сараптама жасап, "отандық өндіріс" сөзін түбегейлі алып тастауды және қаржыландыруды Қазақстанда ресми түрде ұсынылған кез келген маркалы автокөліктерге бөлуді ұсынғаны айтылған. Сонымен қоса одақ азаматтардың көлік таңдауда шектеуге ұшырамауы қажет екенін баса айтады.

ҚазАвтоПром 5 сәуір күнгі министрлікке жолдаған сараптамасында зауыттың көлік құрастыру көрсеткіші халықтың жоғары сұранысына сай емес екенін ашып айтқан. 

ҚазАвтоПромның көтерген мәселесіне индустрия министрлігінің жауап берген-бермегені белгісіз. Сол себепті редакция министрлікке сұрау жолдады. Алдағы уақытта министрліктің берген жауабымен бөлісетін боламыз.

"Отандық көлік өндірушілер өтірік ақпарат айтады"

Алматы қаласының тұрғыны Диас Нұрақын халыққа жеңіл көлікті жеңіл жолмен алуға бөлінген қаражаттың талан-таражға түсіп, халықтың бір бөлігі көлік алудан мүлдем күдерінің үзуіне индустрия министрлігі мен отандық автокөлік өндірушілердің кінәлі екенін айтады.

"Екеуін де кінәлаймын. Себебі отандық көлік өндірушілер айына немесе жылына мынадай көлік шығарамыз деп, индустрия министрлігіне өтірік ақпарат береді. Олардың сөзіне сенген министрлік осындай бағдарламаны бастап жіберген. Ал жеме-жемге келгенде ондай көлік шықпайтыны белгілі болып, автоорталықтардың өздері қазір осыны мойындап отыр. Автосалондарда мүлдем көлік жоқ, 4 пайыз тұрмақ қолма-қол ақшамен барсаңыз да кезек күтесіз. Кеңестік кезеңдерде аталарамыз Москвич немесе Жигули алу үшін жылдап кезекте тұрған ғой, сол жағдай қазір қайталанып отыр. Ақша бар, көлік жоқ", - дейді ол.



Ер азамат көлік тапшылығын мемлекет қолдан жасап, бір бармағын бүгіп отыруы мүмкін екенін болжайды.

"Нақты рас-өтірігін білмеймін. Бірақ бұл бағдарламаның мынадай аяқтан шалу амалы болуы мүмкін. Мысалы үшін, көлігіңіздің кезегі келіп тұрып, оны рәсімдей алмай кезектен шығарылсаңыз, қайта екі жылға дейін кезекке тұра алмайды екенсіз. Бұл осылайша әдейі жасалып жатқан әрекет пе деген ой да жоқ емес. Мәселен, қазір көлік жоқ деп тапшылық жасап, ертең көлік келгенде банкте ақша таусылып қалса, қайта сандалатын сол қарапайым халық", - дейді ол.

Қазақстанда көлік тапшылығы не себепті туындап жатыр?

Жеңілдетілген несие беру бастала салысымен елімізде жеңіл көліктердің жетіспеушілігі бірден сезілді. Жақында Toyota көлігінің Қазақстандағы ресми дилерлік орталықтары Camry және RAV 4 автомобильдерін сатуды тоқтатқанын хабарлаған. Бұл модельдердің енді қашан жеткізілетіні де ешкімге белгісіз.

Бұл модельдердің қысқаруы Санкт-Петербургтегі Toyota зауыты жұмысының тоқтатылуына байланысты болып отыр. Ал ол зауыттың жабылуына Ресейге салынған санкциялар әсер еткен. Қазақстан мен Ресей бір экономикалық одаққа мүше ел болғандықтан, көрші елге салынған санкциялардың жанама әсері бізге де тиеді. Мұндай ойды экономист Сәбит Рысбаев айтады.

"Алдымен мына мәселенің басын ашып алуымыз қажет. Қазір көлік тапшылығы тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатыр. Ал біз Қазақстанды әлемнен ажыратып ала алмаймыз. Сондай-ақ біз көлік шығармаймыз, тек құрастырамыз. Ал мемлекеттің жеңілдетілген автонесие бағдарламасының мақсаты дұрыс. Олар отандық автоөндірісті қолдауды ниет етіп отыр. Тек жүзеге асырылуы сәл ақсап тұр. Бұрын біз сырттан әкеліп көліктерді құрастыра беретін едік, енді қазір сол әкелетін елдердің өзінде көлік тапшылығы болып отыр. Біздің елге бұған дейін көліктердің көп мөлшері Ресейден әкелініп келгені мәлім. Ал қазір ол жақтағы автозауыттардың өздері жабылып жатыр. Ресейде автосалондағы көліктің бағасы доллармен екі есеге қымбаттады. Осы өзгерістердің барлығы бізге өз әсерін тигізбей қоймайды. Себебі одақтас мемлекеттердің ішіндегі экономикалық көрсеткіштер бір біріне тікелей әсер етеді", - дейді экономист.



Экономист Ресейге салынған санкциялардан еліміздегі көлік дефициті ушыға беруі мүмкін екенін айтады. Сондықтан еліміз нақты өнеркәсіп түрін жолға қойып, соны дөңгелету дұрыс деп санайды.

"Өздерінде көліктердің қымбаттап кетуінен Қазақстанға келіп, жаңа көлік сатып алған Ресей азаматтары жайлы естідім. Бізде көлік шығарылған күннің өзінде, шеттен келіп сатып әкетіп жатса, көлікке қол жеткізе алмай біз қаламыз. Қазір әлбетте көлік шығарып Жапониямен, Кореямен немесе Германиямен бәсекелесе алмайтынымыз анық. Бірақ осы алпауыт елдердің өзі дөңгелек шығарудан, әйнек шығарудан бастады ғой. Басқа елдерде көлік жетіспеушілігі енді сезіліп жатса, біздің елдегі утиль алымның қымбаттығынан, басқа да себептерден көлік жетіспеушілігінің сезіліп келе жатқанына біраз уақыт болды. Әлі де солай”, – деп қосты Рысбаев.

Экономист жыл басындағы қаңтар оқиғалары біраз мәселені ашып көрсеткенін айтады. Енді еліміздегі басқарушы тұлғалар мұндай қателіктерге жол бермеуі қажет, деп жеткізді ол.

“Бұған дейін утиль алымнан жиналған қаражат бір адамның ғана қалтасына түсіп, бірнеше кәсіпорындар үшін ғана пайда әкеліп келді. Ал қаңтар оқиғасынан кейін олардың бәрі әшкере болды. Бұл барлық жетекші орындарда басқарушы қызметте отырған тұлғаларға сабақ болуы тиіс. Қазір біз көлік құрастырмақ түгіл, елімізде бұған дейін дөңгелек шығаратын зауыт болған жоқ. Сондықтан экономикалық жолымызды айқындап алып, өзіміздің қолымыздан келетін іспен айналысып, халыққа қажетті мұқтаждықтарды дер кезінде басқа елден алдырып отырсақ, сол дұрыс болатын секілді", - дейді Сәбит Рысбаев.

Талқылау