5-15 мың доллар көлемінде бағалаған: Бахрейнге қазақстандық бойжеткендерді сексуалды құлдыққа сатып келгендердің жолы кесілді
Қазақстаннан Бахрейнге қыздарды арбауларына түсіріп, оларды сексуалды құлдыққа сатып отырғандардың жолы кесілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары болған. Олар Бахрейнде сексуалды эксплуатация мақсатында қыздардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың саудасымен айналысқан.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы 16-25 жас аралығындағы қыздарды іздеп, өздеріне тартқанын жеткізді. Бойжеткендерді Қазақстанның оңтүстігінде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобынан іздеген.
"Қылмыскерлер адамдардың сенімін пайдаланып, шетелде көп ақша табуға болатыны жөнінде өтірік сөзге сендірген. Бойжеткендер келіскеннен кейін олардың құжатын рәсімдеу, зардап шегушілерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды заңды жолмен Бахрейн Корольдігіне алып шығуды ұйымдастырған. Бахрейнге жеткізілген әрбір бойжеткенді қылмыскерлер 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін сатқан. Манамаға келгеннен кейін олардың құжаттарын тартып алып, заңсыз бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бағынбаған жағдайда сабап, 500 мың теңгеге дейін ақшалай айыппұл салып, тіпті басқа жеңгетайларға сатып жіберетіндерін айтып қорқытқан", - делінген ресми хабарламда.
Қазіргі уақытта аталмыш фактілер бойынша ҚР 135-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (кәмелетке толмағандардың саудасы) және 128-бабы 3-бөлігі (адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұйымдастырушылар ұсталып, абақтыға қамалған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бахрейнде сексуалды құлдықтан құтқарылған қазақстандық бойжеткендер жайлы айтылған еді.