Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

42 градусқа дейін барады: Оралда 12 жасар баланың дене қызуы жарты жылдан бері түспей келеді

12 жастағы Мақсат Мырзалыұлы қатарластары сияқты футбол ойнап, сурет салғанды, гаджеттермен ойнағанды ұнатады, өзі таэквондодан Азия чемпионы. Сырт көзге қарағанда өзгелерден ерекшеленбейтін қатардағы бала секілді. Алайда Мақсаттың соңғы жарты жылдан бері дене температурасы түспей келе жатыр. Баланың ыстығы кейде 42 градусқа дейін жетеді. Тек бір қызығы, өте жоғары температураға қарамастан, бала өзін жақсы сезінеді, тәбеті жаман емес, ұйқысы да тыныш. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Медет Медресов

Мақсаттың анасы Анар Сағынғалиеваның айтуынша, барлығы өткен жылдың қазан айында басталған. Бала ЖРВИ-мен ауырып, тамағы ісінген. Дәрігерлер ем ретінде антибиотик жазып берген.

"Температура 38-39 градус көлемінде болды, ем көмектеспеді, тамағы қып-қызыл болды. Лор дәрігерге жүгіндік, ол антибиотик ішуді жалғастыруға кеңес берді, бірақ ыстығы сол күйі түспеді. 

9 жасынан бастап баланың оң жақ бүйірі ауырады. Ауруханаға екі рет жалған аппендицитпен түстік. Мақсатты балалар ауруханасына жатқызды, дәрігерлер ешқандай ақау таппады. Кейін олар баламнан биопсия (авт. – ұлпа кесіндісін зерттеу) аламыз деді. Бірақ мен келіспедім", – дейді әйел. 

Бір аптадан кейін Мақсат ауруханадан шыққан, бірақ ыстығы түспеген және үнемі 41 градустан асқан. Ал аяғында көгергенге ұқсайтын бөртпелер пайда болған. Анасының сөзінше, бала қашықтықтан оқуға ауысқан. Ата-анасы баланы жекелеген дәрігерге көрсеткен. Жеке емхана онкологі баланың жағдайын көріп, қайта ауруханаға жатқызу керектігін айтыпты. 



Бұл жолы ата-анасы биопсия жасауға рұқсат берген, мамандар қажетті анализдердің бәрін алған. Қуанышқа орай, Мақсаттың ағзасынан обыр жасушалары табылған жоқ. 

"Одан кейін біз Самараға барып, екі дәрігердің қабылдауында болдық. Олар балада онкология жоқ, деді. Оралға қайтып келдік, 15 қаңтар күні бізді порталға тіркеп, Алматыға, онкология орталығына жіберді. Онда ісік табылған балалар болды, шаштары алынған. Балам қатты қорқып қалды. Бізге ешқандай ем жазған жоқ, тек тексерді. Барлық органдарын тексерді, МРТ, УДЗ-ға түсірді, ештеңе анықталмады. Онда бір ай жаттық, температурасы түспеді, кейін бізді шығарды. Шығару қағазындағы диагноз бағанында: "Этиологиясы белгісіз безгек" деп жазылған", - дейді баланың анасы. 

Анар Сағынғалиева дәрігерлерге ешқандай шағымы жоқ екенін, олар қолдан келгенше көмектескенін айтады. Ал 12 жастағы Мақсат әлі күнге дейін қашықтықтан оқиды, далаға сирек шығады. Қайда барса да, ыстықты өлшеуіш құралды өзімен алып жүреді. Анасы баланың ағзасында қандай да бір бұзылыс бар деп алаңдайды. Алайда оны әзірге бірде бір дәрігер анықтай алмай отыр. 

"Температура жайдан жай көтерілмейді ғой. Қандай да бір жасаушада немесе нерв жүйесінде қабыну процесі жүріп жатқан шығар. Біз енді не істейміз? Кімге жүгінеміз? Не қазақстандық, не ресейлік дәрігерлер бізге диагноз қойып бере алмады. Енді емшілер мен тәуіптерге жүгінуге мәжбүрміз бе? Балам ауруханалар мен зерттеулерден моралдық тұрғыдан шаршады", - дейді Мақсаттың анасы. 

Ал БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 24 наурыз күні елордалық ғылыми орталықпен телемедициналық кеңес өткенін хабарлады. Онда балаға бірқатар анализдер, биопсия тағайындалды. Тексеріс облыстық балалар ауруханасында жүргізіліп, артынша Мақсатты емханаға жатқызу жоспарланып отыр. 
 

Талқылау