Қазақстандағы орташа жалақы көлемі белгілі болды
Қазақстан бойынша 2024 жылдың II тоқсанында атаулы орташа жалақы мөлшері 403 251 теңгені құрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл көрсеткіш 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 10,3% өскен.
“2023 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі қаржы және сақтандыру қызметі – 23,3%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,5% жылжымайтын мүлікпен операциялар – 21,1% салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақы 7,2%-ға, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде 5,6%-ға өсті”, – делінген ұлттық статистика бюросының хабарламасында.
Қазақстандықтарға 3,3 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеген
Ал инфляцияны есепке алғанда нақты мәндегі жалақы көлемі былтырғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда бес салада керісінше төмендеген: әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуде – 8,7%, мемлекеттік басқару және қорғаныста – 3%, денсаулық сақтауда – 2,7%, білім беруде – 1,2%, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 0,4%.
Өңірлер бойынша 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 2024 жылдың II тоқсанында орташа айлық атаулы жалақының ең көп өсуі Алматы қаласында, Ақтөбе облысында және Павлодар облысында байқалған.
Ұлттық статистика бюросы бұл көрсеткіштерді есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындардың есепке алынбағанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 130 мың теңгеге көтеру қарастырылып жатқаны туралы жазған едік.