39 жастағы ақтөбелік әйел 11-баласын босанды
Ақтөбеде 11-баласын дүниеге әкелген Мінәура Мұқтарованы туыстары ғана емес, журналистер де қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Мінәура Мұқтарова сәбиімен бірге перзентханадан шықты. Қазір үлкен отбасында 7 ұл, 4 қыз тәрбиеленіп жатыр.
Облыстық перинаталдық орталықта Құдайберген әулетінің 11-перзенті Хантөрені шығарып алды. Баланың салмағы 3,7 келі, бойы 57 сантиметр болып дүниеге келген.
Көпбалалы отбасы өткен жылдың соңында мемлекеттен пәтер алған екен.
"Мен бақытты анамын. Үлкен ұлдарым спортшылар. Қызым би үйірмесіне барады. Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік етемін. 2024 жылдың желтоқсан айында мемлекеттен 4 бөлмелі пәтер алдық. Біз көпбалалы отбасы ретінде соңғы 10 жылдан бері кезекте тұрдық. Біз жаңа пәтерімізде шілдехананы тойлаймыз. ! Қуанышыма ортақтасқан туыстарым мен көршілеріме де рахмет!”, – деді көпбалалы ана.
Көпбалалы ана – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бірақ ол әлі мектепте жұмыс істей алмады. Себебі алты баласы мектеп оқушылары, екеуі балабақшаға барады, ал қалған екі егіз енді екі жасқа толады.
Облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері қазір 11-сәбиді дүниеге әкелу сирек кездесетінін айтады.
"5-6 бала туу, әрине, жиі кездесетін жағдай, бірақ отбасында 11-баланың пайда болуы – өте сирек кездесетін құбылыс. Сонымен қатар, жыл сайын екі-үш әйел үшем дүниеге келсе, 100-120-ға жуық егіз бала туады", – дейді облыстық перинаталдық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Андрей Гайдай.
Балалардың әкесі Айдын Рамазанов нәрестені шығарып ала алмады. Ер адам жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді, сондықтан ол қазір сапарда.