Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

35 жастағы азамат екі қасқырды ауласында ит секілді асырап отыр

Қырғызстанның оң­түс­тігін­дегі Жалалабад облысының Алабұқа ауданына қарасты Ақ­там ауылында Советбек Дулатов деген 35 жастағы жігіт қасқырдың екі бөлтірігін үйін­­де асырап отыр.

sovetbek

Ол бөл­ті­рік­тер үл­кей­ге­сін оларды аңға алып шықпақшы, деп жазады Замана газеті.

Мал бағумен айналысатын Советбектің ай­ту­ына қарағанда, ол тауда аң аулап жүріп қас­қырдың інін көріп қалған. Ініне кіріп-шығып жүрген екі бөлтірік бар екен. Аңшы жігіт бөлтіріктің енесін күтіп, аңдып отыра береді. Әлден уақытта екі қасқыр келеді, Советбек олардың біреуін атып алады. Өлгені қасқырдың арланы екен, ал қаншығы қашып кетіпті. Ертеңіне бір бөлтірікті іннің аузына байлап қойып, күні бойы қаншықты күтеді. Бірақ ол келмей қойған.

Сонымен, Советбек биылғы мамыр айынан бері қорасында екі бөлтірікті асырап отыр. Оларды көбіне ет, сүйек-саяқ беріп азықтандырады. Бөлтіріктер өскен сайын етті көп керек ете бастапты. Сосын Советбек мал союмен айналысатын кәсіпкерлерден қалған-құтқан ет алып отыр екен.

Советбек ары-бері шыққанда бөтен адамдарға ұмтылмасын деп есейіп қалған «күшіктерін» байлап қояды. «Бөлтіріктер иттің күшіктері сияқты еркелегіш, ойынқұмар болып келеді», – дейді Советбек.

Жыл сайын қыс түскенде Советбек бірнеше жігітпен бірігіп, қасқыр аулауға шығады екен. Биылғы науқанда есейіп қалған қасқырдың ұрғашысын өздерімен бірге ала кетіп, межелі жерге жеткенде оны ұлытып, түзде жүрген қасқырларды «шақырып» алуды көздеп отыр.

Сондай-ақ Советбектің «Сібір лайкасы» тұқымдас екі аңшы иті бар. Жас кезінен аңшылар атып алған қасқырлардың етін беріп баққандықтан олар қасқырдан қорықпайды. Ал басқа иттер қасқырдың иісін сезгеннен-ақ құйрығын бұтының арасына қысып алып ауылға қарай зып береді екен.

Жіберіп алмаңыз:

Қырғызстанда үйге кіріп кеткен қасқыр балаға бас салған

Иесінің күшік кезінен асыраған иті қасқыр болып шыққан (фото)

Қытайда мектеп оқушылары сабаққа бару үшін күн сайын тауға өрмелеп шығады (фото)

Алматылықтардың тура көз алдында болған әмиян ұрлығына реакциясы (видео)

Моңғол бишісінің өнері ғаламторды “жарды” (видео)

Талқылау