30 миллион теңгеге дейін айыппұл: Бас прокуратура қазақстандықтарға желіде арандатушылық сипаттағы пікір мен жазба жарияламауды ескертті

Бас прокуратура желіде арандатушылық сипаттағы жазбалар мен пікірлердің көбейгенін айтып, қазақстандықтарды мұндай әрекеттер үшін қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше бұл алауыздықты қоздырады.
“Әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралу фактілері байқалуда. Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске саламыз.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес алауыздықты қоздырғаны үшін жасалған іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың (8 миллионнан – 30 миллионға дейін) АЕК дейін айыппұл салу не 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделген.
Сонымен қатар Қазақстанда онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынған. Егер мұндай әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК (86500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады”, – делінген хабарламада.
Ведомство таратылатын ақпараттың шынайылығын тексеруге шақырды. Сонымен қатар қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін материалдарды жариялаудан және таратудан бас тартуды ұсынды.
“Жалған ақпаратты орналастырғаны және таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық қарастырылған. Сондай-ақ мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға қатысқан адамдарға да құқықтық салдар туындайтынына назар аудартамыз. Қазақстан халқының бірлігі, өзара сыйластық пен қоғамдық келісім - еліміздің тұрақтылығының, қауіпсіздігінің және келешектегі дамуының берік негізі.”, – деді Бас прокуратура.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз