"Бесіншісіне аяғым ауыр": Талдықорғанда ер адам көпбалалы ананың дүкенін тонап, өртеп жіберген
Көктал шағын ауданында қылмыскердің дүкенді өртеп жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полицияның мәліметінше, азық-түлік дүкені көп балалы анаға тиесілі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Дүкен түгі қалмай жанып кетті. Залал сомасы шемемен 30 миллион теңге. Жәбірленуші күдіктінің қылмысқа әлдекімнің айтуымен барғанына сенімді.
“Мен төрт баланың анасымын. Бесіншісіне аяғым ауыр. Екі аптадан кейін босануым керек. Осы уақытқа дейін мемлекеттен көмек сұраған емеспін. Нәпақамды заңды түрде, адал еңбекпен тауып келемін. Салықты да уақытында төлеп отырмын. 16 ақпан күні дүкенімді тонап, бес жерден өрт қойып, өртеп жіберді. Күдіктіні өзім анықтап, видеоны полицияға табыстадым. Мен оның біреудің айтуымен әрекет еткеніне сенімдімін. Істі жылдам әлі адал тергеуді және қылмыскерді қатаң жазалауды талап етемін”, – дейді дүкеннің иесі.
Қазір қылмыскерге қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.
“Талдықорғанда мүлікті тонау мен қасақана жою туралы арыз бойынша полиция қылмыстық із қозғалды. Күдікті бірден ұсталды. Қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция басқармасының ресми өкілі Қасқар Темірханов.