Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халық банк 3 минуттың ішінде несиені рәсімдейтін жүйені ұсынды

Халық банк 2019 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызметінің нәтижесін жариялады. Банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова, "Қазақстан Халық банкі" басқарма төрайымының орынбасарлары Ертай Сәлімов және Мұрат Көшенов тілшілермен өткен баспасөз конференциясында алты айдың ішінде банктің қандай көрсеткіштерге жеткенін, онлайн несиені қанша уақыт аралығында алуға болатынын айтып берді, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: Халық банк баспасөз қызметі

2019 жылдың  екінші тоқсанында банктің таза пайдасы  2018 жылмен салыстырғанда 89.7 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Мұндай көрсеткішке өткен жылдың екінші тоқсанында қаржылық емес активтердің құнсыздануынан болған 28.5 млрд. теңге мөлшеріндегі залалдың нәтижесі түрткі болған екен.

“Аса күрделі процестердің бірі — Halyk пен Qazkom-ның бірігуі осыдан бір жыл бұрын аяқталды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Банк клиентке бағдарлау, клиенттерге қызмет көрсету сапасын және технологиялылығын арттыратын цифрлық қызметтер мен үрдістердің әрі қарай дамуына, транзакциялық банкингтің мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аударды. Сонымен қатар, Halyk Bank көршілес елдерде де жоспарын жүзеге асырып, жұмысқа кірісті. Нақтырақ айтқанда Өзбекстан нарығының жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын пайдаланып келеміз, - деп мәлімдеді Халық банк басқармасының төрайымы. 

Алты айдың ішінде атқарылған басты жұмыстардың бірі — банктің салық салынбайтын онлайн несиені шығаруы. Банк клиенті ендігі кезекте қосымша арқылы несие рәсімдей алады.

“Клиент банкке бір рет келіп, несиеге қатысты келісімшартқа қол қойып кету керек. Сосын ол банк бөлімшесіне келмей-ақ онлайн түрде Homebank.kz қосымшасы арқылы кредит рәсімдей алады. Кредитті рәсімдеу мен ақшаның картаға түсу уақыты 3 минутты құрайды”, — деді Ертай Сәлімов. 

Банк басқармасының төрайымы конференция барысында тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, теңгеге қатысты пікірімен бөлісті. 

"Теңгенің жағдайын әрдайым нарықтық деуге келмейді. Біз құны жоғары долларға қатысты үрдістің әрдайым түсінікті бола бермейтінін көріп отырмыз. Теңге доллардан бөлек, рубльге де қатысты құнсызданды. Ұлттық банк теңге курсының айналасындағы қысым мен сұранысты басқаруға тырысып жатыр. Осыған да куә болып жүрміз. Теңге дұрыс бағаланбайды деп санаймыз", — деді Шаяхметова. 

Талқылау