Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"25 мың доллар ұсынып отыр": Алматыда тұрғындар сатып алған жердің жолын банк жауып тастаған

Алматыда бір көшенің тұрғындары заңды сатып алған жеріне аттап баса алмай отыр. Екінші деңгейлі банктердің бірі жұрттың үйіне апарар жалғыз жолды жауып тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Енді қаржы ұйымы тұрғындарға бұл жерді қомақты қаржыға сатып алуды ұсыныпты. Жер банктің жеке меншігінде болған соң, бұл мәселеде әкімдік те қауқарсыз. 

Базынасын айтып жиналған жұрт Алматының әрбір бұрышында жалдамалы пәтерде тұрады. Олар осыдан бірнеше жыл бұрын Наурызбай ауданына қарасты Қарағайлы шағын ауданына үй саламыз деп заңды түрде жер алған. Уақыт өте іргетасын да құйып қойыпты. Алайда былтыр екінші деңгейлі банктердің бірі тұрғындардың үйіне апарар жалғыз жолын бетонмен қоршап, айналасын қазып тастаған.

“Мына жол атам заманнан жатқан жол болатын. Қарғалыға қарай шығаратын жол. Бұл жерден былтыр жұмысты бастаймыз деп біреу жүгін алып келді, біреу әртүрлі жағдаймен келе бастаған уақытта банк жерді қазды да, ар жақтағы жолдың барлығын қазып жауып тастады”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Исатай Құдайбергенов.

30-дан астам тұрғын мәселенің ақ-қарасын ашуға әкімдікке барған. Бірақ олар бұл жер банктің жеке меншігінде, жауап бермейміз деп қайтарып жіберіпті. Банк жолды ашу үшін тұрғындарға жерді қомақты қаражатқа  сатпақшы болған.

“Кәдімгі соғысқа дайындалған сияқты қоршап тастаған. Құзырлы жерлердің бәріне бардық, әкімдікке де. Мына жолдың әр сотығына 25 мың доллар ұсынып отыр. Оны дұрыс емес деп есептейміз. Өйткені бұл халыққа арналған жол”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Таңжарық Ілиясұлы.

Әкімдіктегілер әдеттегідей тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз деп құтылды.

“Жер учаскелеріне жолдың жоқтығына себеп, бұл участоктерге апаратын жол "БанкЦентрКредит" мекмесіне тиесілі жер учаскесі арқылы өтіп тұрған.19-мамырда қала әкімінің кездесуінде тұрғындар бұл мәселені көтерді. Қазір осы жер учаскелерді жолмен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр”, – дейді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Нұрбол Бейсеков.

Әкімдік пен құзырлы органдардың талай табалдырығын тоздырып, сылдыр сөзден әбден күдер үзген тұрғындар енді амал таусылды деп отыр. Мәселе жақын арада шешілмесе, үйіне жете алмай жүрген жұрт маңызы бар жолды жабуға бекінген.

Талқылау