2,5 миллионға жуық нәрестеге қан құйып, өмірін құтқарған донор қайтыс болды
Аустралияда плазмасы 2,5 миллионға жуық сәбиді сақтап қалған әлемге әйгілі қан доноры көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty Images
Гиннес рекордтар кітабының рекордшысы Джеймс Харрисон 88 жасына қараған шағында ұйықтап жатқанда қайтыс болды. Ер адам 63 жылын қан доноры ретінде өткізді.
Харрисонның қанында сирек кездесетін Anti-D антиденесі бар еді. Антидене өмірлік маңызды дәрі өндіру үшін қолданылды. Ол зертханалық жағдайда жасала алмайтын ерекше зат болды.
Аустралиялықтар Харрисонды "алтын қолды адам" деп атады. Ол әр екі апта сайын жарты литр қан тапсыратын. Оның қаны резус-конфликттің алдын алу үшін иммуноглобулин инъекцияларын жасауға пайдаланылды. Бұған дейін гемолитикалық анемиядан әр екінші нәресте қайтыс болатын еді.
Харрисонның қанының ерекше қасиеті 14 жасында ауыр отадан кейін пайда болды. Сол кезде ол өзі де донор қанына мұқтаж болған. Осы жағдай оның ағзасында антиденелер жоғары деңгейде өндірілуіне себеп болған.
Харрисон феномені әлі күнге дейін теңдессіз болып саналады. Қазір ғалымдар Anti-D антиденесін зертханада өсіру мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада босанған әйелге 12 донордан қан құйылғаннан кейін бір ай өткен соң оған “ВИЧ” диагнозы қойылғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған, алайда ешқандай шара қолданылмағаны айтылды. Дәрігерлерге тергеу жүргізудің орнына ақпаратты жарияламау туралы ескерту жасалған. Тіпті науқасқа ақша ұсынылған деген мәлімет бар.
Әйел 2024 жылдың 22 қыркүйегінде облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, 23 қыркүйекте табиғи жолмен босанған. Қан кету салдарынан екі рет ота жасалып, 16 қазан күні үйіне шығарылған. Кейінірек денсаулық сақтау министрлігі мен полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді. Министр Ақмарал Әлназарова тергеу нәтижелері бойынша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.