"23 мың доллар қарызға алдым": Жахан Отарғалиев алғашқы киносын қалай түсіргенін айтты
Актер Жахан Отарғалиев тырнақалды жеке фильмін түсіру үшін баспанасын сатты. Оған қосымша, таныстарынан қомақты көлемде қарыз алған. Өйткені о баста көмектесуге ниет білдірген инвесторлар соңғы сәтте бас тартыпты. Бұл туралы Отарғалиев Есен Елеукенге берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Кино түсіру оңай емес, бәрі қаржыға тіреледі. Маған инвестор боламын деген біраз адамдар болды. Олар маған бастапқыда мықты мотивация берді.
"Біреудің киносына түсіп жүресің ба? Неге өзің түсірмейсің?" - деді.
Мен солардың бір ауыз сөзіне сеніп, команда жинап, жұмысты бастап кетемін. Кейін ол ағалар белгілі бір себептерге байланысты телефондарын көтермей қалды. Мен жалғыз қалып қойдым.
Бас-аяғы 10 инвестормен кездестім. Соңында оныншы инвестор түсірілімге бір апта қалғанда шақырып: "Жахан, сен кино түсірмей-ақ қой, келесі жылы карантин болады. Бір сөзбен айтқанда, мен саған көмектеспеймін", - деді", - деп еске алды Отарғалиев.
Қолдаусыз қалған Жахан түсірілім командасына жағдайды түсіндірген. Алайда ештеңеге қарамастан, кино түсіруге деген ниеті бар екенін жеткізген. Жаханның көзіндегі отты көрген команда оған сол сәтте қолдау көрсетіпті.
"Істегім келеді, дәлелдегім келеді, - деп айттым. Олар түсініп, 50 адам: "Бізге кететін ақшаны ойламай-ақ қой, кино шыққан соң да берерсің", - деді", - дейді Отарғалиев.
Бұдан кейін актер танысынан 23 мың доллар көлемінде қарыз алып, түсірілімді бастап кеткен. Өзі тұрғызған екіқабатты зәулім үйін сатылымға шығарған. Айтуынша, түсірілім жұмыстары аяқталғанға дейін, үй сатылып, сәті түсіп, барлық қарыздар жабылған.
"Қайта-қайта қарыздандым. Алланың қалауымен, түсірілім біткен кезде қаражаттың бәрін жаптым. Келісім бойынша, түсірілім біткен соң, 10 күннен кейін командаға ақшаларын беруім керек еді. Олар күтеміз деген. Бірақ мен уақытында төлеп, олардың сенімдерін ақтадым", - дейді актер.