Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2024 жылғы 1 қаңтардан кәсіпкерлікті жүйелі қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2024 жылғы 1 қаңтардан кәсіпкерлікті жүйелі қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілуі тиіс екенін айтты.  

"Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет", – дейді Тоқаев. 

Сондай-ақ, президент мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беретінін айтты. 

“Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдануға тиіс", – дейді. 

Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуы тиіс.

“Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық", – деді Тоқаев. 

 

Талқылау