2006 жылғы банкноттар тек 1 ақпанға дейін қабылданады
ҚҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратовтың 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдау және айырбастау мерзімі туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық Банк 2021 жылғы 1 ақпан – 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноттарды қабылдайтын және ауыстыратын соңғы күн екенін еске салады. Айырбастау тек қана жеке тұлғалар үшін Ұлттық Банктің филиалдарында ғана жүргізіледі. Филиалдардың мекен-жайы мен байланыс телефондары біздің сайтта көрсетілген.
Осы аталған банкноттар қолда бар болған жағдайда, ҚҰБ-тің жақын маңдағы филиалына барып, 2021 жылдың 1 ақпан күні сағат 15:00-ге дейін (Нұр-Сұлтан қ. уақыты бойынша) ұлттық валютаның қолданыстағы ақша белгілеріне ауыстырып алуды сұраймыз.
2021 жылдың 2 ақпанынан бастап 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қабылданбайды және ауыстырылмайды.
Қосымша сұрақтарыңыз болса, жауапты 1477 нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығынан алуға болады.