Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 премиум-класс автокөлік, 6 элиталы пәтер": Прокуратура ақша жымқырды деп айыпталған кәсіпкер Алмасбек Садырбай ісіне қатысты мәліметтерді жариялады

Прокуратура Алмасбек Садырбай ісі бойынша тергеу барысына түсініктеме берді. Тергеу барысында кәсіпкердің мүлкіне тыйым салынып, 2024 жылғы екі премиум-класс автокөлігі, алты элиталық пәтер және жеке үйі бар екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Бесінші аймақ" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: world-nan.kz

Қоғам қайраткері және агробизнеске қолдау көрсетуімен танымал белсенді Алмасбек Садырбай тергеу изоляторында қалды – оның қамау мерзімі ұзартылды. Былтыр қараша айында қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі Садырбайдың алаяқтық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Алмасбек Садырбай ұйымдасқан топты басқарып, мемлекеттен бөлінетін субсидияларды жымқыру үшін алаяқтық схема жасаған. Садырбай 1,2 миллиард теңге көлемінде заңсыз субсидия алған деген күдікке ілінді.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында Садырбай сыбайластарымен бірге жалған қызмет ұйымдастырып, заңсыз схема құрған. Олар ауыл шаруашылығы кооперативтері мен 1 000-нан астам шаруа қожалықтарын пайдаланып, малды қолдан ұрықтандыру бойынша жалған құжаттар дайындаған. Осылайша, олар ауыл шаруашылығы басқармасына жалған мәліметтермен субсидия алуға өтінімдер тапсырған. 

Мемлекеттік қаржы олардың есепшоттарына аударылып, кейін 50-ден астам аффилиирленген компаниялар арқылы таратылған. Бұл компаниялар Садырбайдың туыстары мен достарының атына тіркелген. 

Прокуратура мәліметінше, бұл алаяқтықтың кесірінен мыңнан астам отбасы зардап шеккен болуы мүмкін. Тергеу барысында нағыз фермерлерге аз ғана өтемақы төленгені, ал қаржының негізгі бөлігі жалған кәсіпорындардың шоттары арқылы шығарылғаны анықталды. Бұл субсидиялар аясында ешқандай жұмыс атқарылмаған, тауарлар мен қызметтер жеткізілмеген. Соған қарамастан, Алмасбек Садырбай жылдар бойы өзін фермерлердің құқығын қорғаушы ретінде көрсетіп келген. 

Кәсіпкер сұхбаттарында және әлеуметтік желілерде "Біздің мақсатымыз – жер алу рәсімін жеңілдету және фермерлер үшін субаренда жүйесін заңдастыру" деп мәлімдеген. Алайда тергеу оның заңдағы осал тұстарды жеке пайдасы үшін пайдаланғанын көрсетіп отыр. Бұл кәсіпкердің аграршыларды қолдау туралы ашық мәлімдемелеріне қайшы келеді дейді тергеу.

Тергеуге байланысты Садырбайдың мүлкіне тыйым салынды: 2024 жылғы екі премиум-класс автокөлігі (седан және кроссовер), алты элиталық пәтер және жеке үйі бар. Садырбай тағылған айыптарды мойындамай отыр. Алайда прокуратурада оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар бар екенін, соның ішінде қаржылық құжаттар, ақша аударымдары туралы мәліметтер мен басқа да дәлелдер барын мәлімдеді. Журналистермен байланысқа шығып жатқан фермерлер өздерін жәбірленуші ретінде көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Алмасбек Садырбай – белгілі фермер, Shopan-ata қой өсірушілер қауымдастығының басшысы. Кәсіпкер шағын шаруа қожалықтарын қолдауды жақтап, шенеуніктерді ауыл тұрғындарының мәселелеріне немқұрайлы қарады деп сынап келген. Сонымен қатар фермерлердің мүддесін саяси деңгейде қорғау үшін аграрлық партия құру ниетін де білдірген еді.



Еске салайық, бұған дейін Алмасбек Садырбайдың сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отырғанын жаздық. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Жерге заттай құқықтарды бұзу) сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды. Мәліметтерге сенсек, ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.

Талқылау