Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 млн қазақстандық кезекте тұр: Елімізде тегін 10 сотық жер неге оңайлықпен берілмейді?

Елімізде 10 сотық жерді алу үшін 2 миллионнан аса қазақстандық кезекте тұр. Ал жеке тұрғын үй құрылысына деп небәрі 18 мың 500 тұрғын жер алған. Неге аз? Жер дауы мәселелерін қарастыратын заңгер Бақытжан Базарбеков 31 арнаның "Инфорбюро" жаңалықтар қызметіне түсіндірді. 

"Бұл күрделі мәселе. Ресми статистика бойынша 1,3 млн адам, ал бейресми тізімде 1,5 млн адам кезекте тұр. Жер кодексінің 44-бабы бойынша, бос жатқан жерлер жеке тұрғын үй құрылысына оңайлықпен беріле салмайды. 

Құрылысқа инженерлік дайындалған, су және электр құбырымен жабдықталған жерлер ғана беріледі. Ал инженерлік желілерді жайдан жай өткізе салмайды, оның бәрі бюджеттік шығынға келіп тіреледі. Бюджетте ақша болса, инженерлік алаңдар да бар. Ол болса, демек жер телімі де болады", - дейді маман. 

Ендеше берілетін жер болмаса, халық несіне кезекке тұрады?

"Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында жер тұрғын үй құрылысына қарастырылмайды. Соған қарамастан, жылма жыл кезекке тұратын адамдар саны артып келеді. 



Жер кодексінің 155-бабына сәйкес, өтініштерге мараторий жариялау керек. Яғни біз адамдарды осы қалалардан 10 сотық жер аласыз деп бос қиялға жетелей алмаймыз. 

Мен маман және жер ресурстарын басқару комитеті сарапшылық тобының жетекшісінің орынбасары ретінде үкімет пен парламентке Жер кодексінің 44-бабына кезекті тезірек жылжыту туралы өзгеріс енгізуді ұсындым. Ол үшін инвесторларды тартып, олар инженерлік желілерді құруды мойнына алу керек. 

Соның арқасында көбірек адам жер ала алады",-  деп түсіндірді заңгер.
Бастаманы көтерген Бақытжан Базарбеков депутаттардан қолдау табамын деп үміттенеді. 

"Себебі мына кезекпен бірнәрсе істеу керек. 1,5 млн адам кезекте тұр. Халық ішінде "10 сотық шындықтан гөрі аңызға жақын" деген түсінік қалыптасып кетті. Біз мұны шындыққа айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек", - деді Базарбеков. 
 

Талқылау