Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 мыңға жуық адам жол үстінде жан тапсырды": Депутат "жабайы" такси қызметіне шектеу қоюды талап етті

Қазақстанда “жабайы” такси қызметі көбейіп кетті. Осылай деген мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов көлік апатын азайту үшін тексерісті күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Мәжілісмен өзінің депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен бас прокурор Берік Асыловқа жолдады. Саурықов күніне қаншама адамның тағдыры жол үстінде шешіліп жатқанын айтты. 

"Жол мұраты – жету" дейді. Дегенмен діттеген межесіне жете алмай, мұрат жолында майып болған адам саны азаяр емес. Ranking.kz мәліметінше, биыл 10 айда елімізде 11 мың 618 көлік апаты болды. Оның ішінде 1 942 адам – 1 386 ер, 556 әйел, 246 кәмелетке толмаған жасөспірім жол үстінде жан тапсырды, - деді Ерболат Саурықов.

Саурықов түрлі деңгейдегі дене жарақатын алғандар саны 14 456 адамға жеткенін мәлімдеді.  

“Осылардың ішіннен қаншама азамат мүгедек болып өз қолы өз аузына жетпей қалды. Неліктен бұл дүниенің көлігі о дүниеге жедел жөнелту құралы болып отыр? Бұған байланысты бірнеше себептерді атап, солардың шешілу жолдарын Үкіметтен сұраймын және осы мәселелерге қатысы бар барлық мекеме мен жауапты тұлғаның қызметін тексеруді Бас прокуратураға қажет деп есептеймін”, - деді депутат.

Осындай деректерді келтірген депутат Үкімет пен бас прокуратураға бірқатар ұсыныс айтты: 

•    Жүргізуші куәлігінің сатылуы, сыйлық ретінде таратылуынан тәжірибесіз жүргізушілердің көбеюі, қысқасы, осының маңайындағы жемқорлық мәселесі қашан шешіледі?

•    Қазақстандағы техникалық тексеру орталықтарының басым бөлігінің берген сараптамалары жалған. Олардың қолына ақша қыстырсаң болғаны, қалаған құжатыңды аласың. Көлік ол жерге көз қылып кіреді де шығады. Сондықтан да ескі машиналар техникалық жағынан сын көтермесе де тасжолда жүр.

•    Оң рульді көліктердің көбеюі немесе оң рульді көлікпен адам тасымалдау бизнесінің артуы белең алып барады.

•    Оң рульді көліктердің еш техникалық қауіпсіздікті сақтамастан, заңсыз жолмен сол бетке ауыстырылуы салдарынан техникалық ақаудың соңы жол апатының болуына алып келеді.

•    Индрайвер, Яндекс, арнайы жарнамалау арқылы заңсыз адам, жүк таситын "жабайы" таксидің көбеюі, қалааралық такси бизнесінің көлеңкелі экономиканы күшейіп кетті. Бұл мәселе де жолға қойылмай отыр.

•    40-50 адамды тасымалдауға арналған қалааралық жолаушылар автобустарының техникалық қауіпсіздігі мәселесінің қадағаланбауы, жылдамдықты мөлшерден тыс арттыруы және автобус жүргізушілерінің тәжірибесінің жеткіліксіздігі;

•    Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуы, салдарынан жолда дөңгелектерінің жарылуы, жүктерінің құлауы немесе жол ережесін сақтамауы;

•    Үлкен жолда ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жеңіл көліктің жартысына жуығы Қырғызстан, Армения, Грузия, Ресей сынды шетелдік тіркеудегі жеңіл машиналардың көбеюі, заңсыз жасалған көлік техпаспорттары, тіркеуге алынбаған машиналар мен жылдамдықтың шамадан тыс артуы;

•    Жол сапасына да ерекше тоқталу қажет. Облыстық маңызды және ауыларалақ жолдар көп жерде сын көтермейді. Бір жолақты, енсіз, одан қала берді, шұрқ тесік. Бұл да жол апатының бірден-бір себебі болып саналады.

Депутаттың айтуынша, статистика бойынша Алматыға күніне кіретін 700 мыңға тарта көліктің жартысына жуығы қалаға ақша табу мақсатымен келеді.  Олардың дені такси қызметін атқарады. Осының нәтижесінде республикамызда жол көлік оқиғасы көп болатын аймақтар басында Алматы қаласы тұр.  Биыл 8 ай ішінде 826 көлік апаты тіркелген. 
 

Талқылау