1972 жылы ұшырылған кеңестік "Космос-482" ғарыш кемесі Жерге құлады
Фото: Борис Кавашкин / ТАСС
1972 жылы Венераға ұшырылған кеңестік автоматты планетааралық "Космос-482" ғарыш кемесі Үнді мұхитына құлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Роскосмосқа сілтеме жасап хабарлайды.
Роскосмос мәліметінше, ғарыш кемесі құлаған соң, өз қызметін тоқтатты.
"1972 жылы ұшырылған "Космос-482" ғарыш кемесі орбитадан шығып, Үнді мұхитына құлап, өз қызметін тоқтатты", – делінген хабарламада.
Құрылғы Астана уақытымен сағат 11:24-те Орта Андаман аралынан батысқа қарай 560 шақырым жерде атмосфераның тығыз қабаттарына еніп, Джакартаның батысындағы Үнді мұхитына құлаған.
"Космос-482" ғарыш станциясы 1972 жылдың көктемінде Венераны зерттеу үшін ұшырылды. Ол конструкциясы, борттық жүйелерінің құрамы және ғылыми аппаратурасы жағынан Венера-8 станциясын қайталады. Бірақ күшейткіш қондырғының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты құрылғы планетааралық траекторияға енбей, жоғары эллиптикалық орбитада қалып, бірте-бірте Жерге жақындады.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
