"18 жыл өтті": Меруерт Түсіпбаева 24 жасында дүниеден озған марқұм інісіне естелік жазба арнады
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Меруерт Түсіпбаева осыдан 18 жыл бұрын өмірден өткен інісін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/meruert_tusupbaeva/
2006 жылы өнер иесінің туған інісі Біржан жол апатынан қаза болған еді.
“Кейде адамдар алдын болжауға асығып, балшы-балгерге жүгінеді. Пенде ертеңгі күнін білуге неге асығады?! Уақыт онсыз да жүйрік екен. Міне, сен бізге бір ауыз “қош демей” беймәлім әлемге кеткелі атпалдай 18 жыл өтіпті, Біржан! Бүгін сол күндерді есіме алып, саған хат жазып отырмын, бауырым. Басымызда жай түскендей, сенер-сенбесімізді білмей, артыңда жоқтап қалған едік. Ауылдан өзім алып келгендіктен, үлкен қаланың заңы басқа, “абай бол!” деп, ақылымды айтып, кейде ұрсатынмын. Жол апатына түсті дегенде, қазір жазылып шықсыншы, быт-шытын шығарамын деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Сен қайтты дегенде, еңіреп тұрып, саған қатты ренжідім. Мен талай айттым ғой, абай бол деп?! Неге тыңдамады? Бізді сонша қинап қайғыға батырды деп. Ақымақпын ғой”, – деп жазды өнер иесі.
Сонымен қатар әнші інісі дүниеден өткеннен кейін отбасындағы тыныс-тіршілік те қалай өзгергенін баяндап берді.
“Жас едім, момын едім...“ деп Мұқағали жырлағандай, жас едім, өлсе бөтен адамдардың туыстары өледі, менің туыстарым аман жүреді деген сеніммен жүріппін. Адамның өмірі бір-ақ сәтте өзгеретінін білмеппін. Сен кеткелі, шүкір, басымыз бүтін, біреуден oзып біреуден қалып, өкінішпен үміттің жетегінде жүрміз сол. Кеткеніңе көпке дейін сенгісі келмей, қабырғасы қайысқан, соңыңнан ерген Тәттімбет бауырың, қазір үй салып, ағаш егіп, 3 ұлды өсіріп отырған абыройлы азамат. Көпке дейін сенің қайда кеткеніңді түсінбей, “Біржан аға біздің үйге неге келмейді” деп артыңнан іздеу салған Дархан, Даурен, Қуаныш, Дарын, Бекжігіт, Нұрғисалар да ержетті... Біреуі әскерде, біреуі қызметте, біреуі үйленіп, балалы болып, енді біреуі шетелде білім алып жатыр. Жыл сайын сенің туған күніңде, дастархан жайып, жақынындарды жинап, құран оқытатын анаң да дін аман... Қартайды бір... Кейінгі кездері “Балаларымның алдында ала гөр” деп Аллаға көп жалбарынады. Біржан, сен тым ақкөңіл едің! Нағыз жалғыз атын сойып, жүгенін ұстап қалатындардың қатарынан едің. Бір күні сұрағандардың бәріне ақшасын тарата беретініңді естіп қалып, жалақы картаңды тартып алғаным есімде. Қатал болсам, кешір мені... Сенің сонша ерте кететіңді білмедім ғой...”, – деп қайғырды әнші.
Еске салайық, Меруерт Түсіпбаева ұлының үйленуіне қатысты пікір білдіріп, келінінің 5-6 бала туғанын қалайтынын жасырмаған еді.