"2,5 миллиард теңгемен шетелде шалқып жүр": Алматы облысында үйлеріне қоныстана алмаған 150-ден астам үлескер шу шығарды
Алматы облысында "Торедо" құрылыс компаниясының үлескерлері үйлеріне қоныстана алмай жүргенін айтып, шу шығарды. Айтуларынша, компания осыдан 2 жыл бұрын 6 тұрғын үй кешенін салуды бастапты. Бірақ бірде-бір баспана әлі күнге дейін аяқталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: видеодан скрин
Үлескерлердің есебінше, серіктестікке құйылған қаражаттың көлемі 2,5 миллиард теңге. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір компанияның бас директоры ғана қамауда отыр. Бірақ қалған мүшелері халықтың ақшасына дүние-мүлкін сатып алып, еркіндікте емін-еркін тайраңдап жүр, дейді ашулы үлескерлер.
Индира Құдайбергенова құдайдың құтты күні осы құрылысқа келетін болған. Екі баласын ертіп сабылып жүруіне де себеп бар. Былтыр соғылып бітуі керек үйінің қазір тек іргетасы ғана құйылған. Көпбалалы ана бес бөлмелі баспанаға екі жыл бұрын 10 миллион құйған, жартысын 10 жыл бойы буып-түйіп жинап, қалған жетпегеніне несие алған.
“Төрт баламен пәтерден пәтерге көшіп жүрмін. Көпбалалыларды ала бермейді ғой. Үй иесі ұрсады. Ұрысқан кезде осы жерге келіп көріп кетемін. Әлі жоқ. Енді не істеуім керек? Сол жинаған ақшам күйіп кетті. Қыста, суықта қаңғып жүрміз”, – деді ол.
Алдандым деп шырылдап жүрген Индирадан бөлек, тағы 150 адам бар. Соның бірі – Бекмұрат Барлыбек. Айтуынша, "Торедо" компаниясы осыдан екі жыл бұрын Қаскелеңде "Home Южный", "Home 1", "Home 2", "Home Sau", "Home Mak", "Арман", жалпы 6 бірдей тұрғын үй кешенін сала бастайды. Құрылысы бітпей жатып үлескер тартқан. Бәріне бірдей "әне-міне аяқталады" деп, қаражатты түгел алған. Сөйтіп ақыр соңында құрылыс тоқтап қалған. Үйлердің бірі шатырына дейін жабылып аяқталуға шақ қалса, өзгелерінде іргетасы ғана құйылып тұр. Осы мәселеге қатысты үлескерлер арыз түсіріп компанияның бас директоры ғана қамауға алынған. Қалғандары халықтың ақшасына шетелде шалқып жүр.
“Сағындықов Айдын келіншегімен бірге, Төреханов Диас Египетте қыдырып жүр. Біздің ақшамызға теңізге түсіп, Түркияда демалып жүр. Қаладан элиталы кешеннен 1-2 пәтер алған екен. Су жаңа көлік сатып алыпты. 2,5 миллиард теңгені өздерінің жеке басына, қажетіне жаратып жүр”, – дейді ол.
Құрылыс компаниясына ақша беріп алданған Салтанат Беркімбаева полиция оларды ұстауға ешқандай негіз жоқ дегенін айтты.
“Оларды отырғызатын ешқандай негіз жоқ, дейді. Қалай?! Олар — ұйымдасқан қылмыстық топ. Бесеуін отырғызбай, олар қазір еркіндікте жүр. Соққан үйлерін көріп жатырмыз. Диастың өзін іздеп жүріп тауып алған кезде "әкімдік пен прокуратура міне" деді. "Бізден алатынды алып отыр, не істейсіңдер бізге" деді. Үлескерлердің жиынына шенеуніктер де келе қалды. Бірақ неге келгенін өздері де түсінбейді. Жеке тұрғын үй құрылысы болған соң, "біздің бұл мәселеге қатысымыз жоқ" деп отыр”, – дейді Салтанат Беркімбаева.
Полицейлер қылмыстық іс қозғалып, компания басшысының қамауда отырғанын айтты. Олар қазір тергеу жүріп жатқанын жеткізді, бірақ өзге мәліметті ашып айтпай отыр.
Десе де алдандық деген үлескерлер осы былыққа қатысы барлардың бәрін жауапқа тартуын сұрайды. Яғни менеджерінен бастап, өзге де директорларының қолына кісен салу керек дейді. Өйткені бір ғана адам қамалса, алты тұрғын үй кешенін кім соғып бітіреді? Қалғандары сонда шетелде қыдырып жүре бере ме? Өзгелерінің қатысы бар-жоғы енді тергеу барысында анықталады. Бірақ үлескерлер іс сиырқұмышақтанып, кінәлілер жауаптан жалтарып кете ме деп қорқып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде үлескерлер үш жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүргенін жазған едік.