Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Азаматтардың зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңгенің қайда жұмсалатыны туралы жаңа деректер пайда болды

Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын 1,5 триллион теңгенің қалай пайдаланылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі LS басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Бұл қаражат нарықтық жағдайда және қайтарымды негізде ұзақ мерзімді ірі жобаларға инвестицияланады. Сондықтан "Бәйтерек" Ұлттық холдингі мен "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорының обигациялары шығарылып, оны БЖЗҚ сатып алады. 

Ұлттық банк қазір диверсификация және экономика өсіміне байланысты және импортқа тәуелділікті азайтатын жобаларды таңдау жүріп жатқанын хабарлады.

“Қаржыландыру 2024-2025 жылдары кезең-кезеңімен, жобаларды іріктей отырып жүзеге асады”, – делінген Ұлттық банк хабарламасында. 

Сонымен қатар "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазына" жобаларының жүзеге асырылу мерзімі әртүрлі болғандықтан, облигациялары түрлі кезеңде шығарылады. Бірақ облигация мерзімі 15 жылдан аспайды. 

"Мұндай құралдар KASE-ге салынады. Оларды қызығушылық танытқан кез келген инвестордың сатып алу мүмкіндігі бар. Облигацияларды өтеу мерзімі бекітілген және жылына бір рет сыйақы купонымен төлем жасауға болады", – деп атап өтті Ұлттық банк өкілдері. 

Бұған дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болашақ зейнетақыны жоспарлаудың жаңа құралы – жеке зейнетақы жинақ жоспарын іске қосатынын мәлімдеді. Осылайша қазақстандықтар қалаған сомадағы зейнетақысын алу үшін БЖЗҚ-ға қанша жарна салу керек екенін есептей алады.

Сондай-ақ Қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы 1,5 триллион теңге инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатыны айтылды. 

2023 жылы БЖЗҚ-дан 500 млрд теңгеге дейін, ал 2024 жылы 1 триллион теңгеге дейін, оның ішінде "Қазақстан Даму Банкі" АҚ (ҚДБ) және Индустриялық даму қоры АҚ арқылы бөлуді көздеп отыр.

Талқылау