Үкімет студенттер шәкіртақысы көтерілетінін мәлімдеді
Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2025 жылға дейін 130 мың студент пен докторанттың шәкіртақысын көтеру жоспарланған. Бұл туралы премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жастарымыздың тегін негізде жоғары білім алуына мүмкіндіктер кеңейтіліп жатыр. 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде мектеп бітіретіндердің орташа көрсеткіші жалпы республикалық деңгейден төмен өңірлердің жастарына өзге өңірлердегі университеттерде білім алуы үшін биыл алғаш рет мақсатты 10 мың грант бөлінеді", – деді Е. Тоғжанов.
Вице-премьердің айтуынша, бұл – өңір жастарының білімін лайықты деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім.
"2025 жылға дейін студенттер шәкіртақысы жыл сайын 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттар стипендиясы 15%-ға артады. Бұл жалпы 130 мыңға жуық студент, докторантты қамтиды", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
"Студент жастар үшін өзекті мәселелердің бірі жатақхана тапшылығы. Оны жүйелі шешу мақсатында соңғы 3 жылда 30 мың орын берілді. Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға беріледі", – деді ол.