Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айына миллион теңге беріледі": Қытайда үздік студент атанған қазақстандық қыз шәкіртақысы жайлы айтты

Қазақ қызы Жаннұр Ниязбекова Қытайдың үздік жыл студенті атанды. Бұл қытайлық студенттер арасында таласқа түсетін марапат. Жаннұр аталған елде осы марапатқа ие болған тұңғыш қазақ. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Нартай Аралбайұлының арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаннұр осыдан 3 ай бұрын 17 желтоқсанда Қытайдың "Президенттік стипендия иегері" атанған. Жақында "Жыл студенті" атанды. Бұл марапатқа жан жақтан келген шетелдік студенттер де, қытайлық студенттер де таласады. Ең үздік деп танылған студент қол жеткізеді. Жаннұр осы марапатты алған тұңғыш қазақ. Жас ғалым. Қазір ауыл шаруашылығы саласында оқып жатыр. 

"Мен Қазақстанда бакалаврды, магистратураны оқыдым. Екі жыл университетте жұмыс істедім. Ол кезде 70 мың теңге жалақы алатынмын. Кейін университеттегі "Жібек жолы" бағдарламасымен Қытайдың грантын ұтып алдым. Бұл жақта 4 жыл оқыдым. Биыл бітіруім керек. Алайда карантин уақытына байланысты шектеулер болды. Ғылыми жұмысымыз аяқталмады. Соған байланысты бір жыл стипендия беріп, оқуға мүмкіндік алдық. Қытайда алғашқы жылы қытай тілін үйрендік. Мен келген уақытта пәкістандық жігіт "Жылдың үздік студенті" атанды. Мен сол сәтте іштей өзіме уәде бердім. Екі жылдан соң мен аламын, қазақтарды шулатамын деп ойладым. Сол мақсатыма жеттім. Бұл - жылда берілетін марапат емес. Егер лайықты студент болмаса, марапат берілмейді. Соңғы 20 жылда бұл университетте аталған марапатты 3 қана студент алған екен. Оның бірі мен", - деді Жаннұр. 



Қазақ қызының марапатынан бөлек ол үшін берілетін қаржы БАҚ бетінде әңгіме болды. Жаннұр марапатпен бірге қандай мүмкіндіктер берілетінін айтты. 

"Маратпен бірге қаржылай қолдау көрсетіледі. Елдің бәрі менің еңбегімді емес, ақшамды санап жатыр. "65 миллион теңге алып байыпты. Салық төлей ме?" деп жатыр. Бұл бір күнде келген ақша емес. 2 млн теңге көлемінде қаржы беріледі. Егер докторантураға түсіп жатса, айына миллион теңге стипендия беріледі. Бұл менің қанша жылғы еңбегім. Мен жалғыз оқыдым. Ешкім көмектескен жоқ. Оның бәрін ешкім білмейді. Тек ақшасын сұрайды. Тек ақша ғана емес, басқа да мүмкіндіктер бар. Жылдың үздік студенттері докторантураға түсе алады, Қытайда кез келген қалаған жерден жұмыс орнын таңдай алады, постдокторантураға түсуге мүмкіндік береді", - деді жас ғалым.

Жаннұр Ниязбекова "Ешкі сүтінің адамның ішек флорасына әсерін" зерттеп келеді.  Бұл туралы ғылыми мақалалары жарияланды. Одан бөлек алдағы уақытта вакцина ойлап табуды көздейді. 

"Мен бұл жақта алған білімімді Қазақтанға апарамын. Мен тек оқуға келдім. Қытайда қалатын ойым жоқ. Қытайда көп мүмкіндік бар. Жоғары дәрежелі мұғалімдер 1,5- 2 млн теңгедей жалақы алады. Қазақстанда мықты деген оқытушылар 250 мың теңгенің айналасында алады. Алайда 1 теңге алсам да мен Қазақстанға ораламын. Маған тәжірибе, оқу, мүмкіндік қана керек", - деді Ниязбекова. 

Жаннұр қытайлықтардың қазақ студенттеріне деген көзқарасын ашық айтты.

"Қытайлар қазақ студенттерін жақсы көреді. Қазақтар ұйымшыл, шыншыл деп сенеді. Уәдеге берік деп санайды. Орталық Азия елінен мұнда қазақтар ғана оқып жатыр. Біздің университетте 40 шақты қазақ бар", - деді жас ғалым. 

Айта кетейік, Жаннұр Ниязбекова Қытайдағы Солтүстік Батыс Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінде білім алуда. Қызылорда қаласының тумасы. 

Талқылау